фото reuters
АҚШ-тағы саяси ахуал:
- Президент Трамптың саясатын халықтың қолдауы 38 пайызға дейін төмендеді.
- Осы жылдың 3 қарашасында Сенат пен Өкілдер палатасына аралық сайлау өтеді. Болжамдарға қарағанда республикалық партия қазіргі басымдықтан айрылады.
- Демократтар басымдыққа қол жеткізген жағдайда Трампқа импичмент жариялануы мүмкін. Оны Трамптың өзі де айтып жүр. Сондықтан сыртқы саясаттағы жеңістер өте қажет. Себебі ішкі саясаттағы кемшіліктер өте көп. Әсіресе, Миннесота штатына Трамптың бұйрығымен енгізілген шекарашылардың екі АҚШ азаматын атып өлтіруі- күзгі сайлауда қарсы дауысқа айналады.
Иранға қандай талаптар қойылып отыр:
- Ядролық бағдарламадан бас тарту. Иранда Бушердегі атом электр станциясынан басқа жердегі ядролық орталықтар (Натанз, Фордо, Арак, Исфахан) уранды байытуға арналған. АҚШ президентінің өкілі Уиткофф Иранның 2000 килограм 3,67-ден 60 пайызға дейін байытылған ядролық материалы бар деп мәлімдеді. 90 пайызға дейін байытылған уран ядролық қару жасауға дайын материал болып есептеледі.
- Ливандағы «Хезболла» әскери ұйымын және Палестинадағы «Хамас» ұйымын қаржыландыруды тоқтату. Ливандағы «Хезболла» мемлекеттік емес әскери ұйым, 50 мыңға дейін әскери жасағы бар және саяси ролі басым ұйым.
- Иранның зымырандар бағдарламасын шектеу. Иран Таяу Шығыстағы зымырандар жасау технологиясы дамыған елдердің ең ірілерінің бірі. Баллистикалық «Шахаб» (Shahab), «Саджиль» (Sejjil) және «Фатех-110» (Fateh-110), қанатты Мескат (Meshkat зымырандары және ғарыштық «Нұр» жер серігі Иранның технологиялық жағынан құрылық аралық зымырандар жасауға қабілеттілігін көрсетеді. Ең бастысы, Иран зымырандарға қажетті бөлшектерді толық өздері шығарып отыр. Баллистикалық зымырандарының саны 3 мыңға жуық деген мәліметтер бар.
Иран мәселесін шешудің екі жолы:
Оптимистік сценарий: 17-18 ақпанда өтетін АҚШ Иран келіссөздеріне Иран жағы коммерциялық ұсыныстармен шығайын деп отыр. Алайда АҚШ пен Израиль талап етіп отырған «нөлдік режимді» орындамайтындығын алдын ала жариялауда. Сонымен бірге зымырандар бағдарламасы да талқыланбайтын мәселе деп кесіп айтылды. Зымырандар елдің қорғанысы деп мәлімделді. Егер АҚШ тек ядролық бағдарламаны уранды ең төменгі пайызбен байытуға келіссе, онда Иран коммерциялық ұсыныстармен (энергетика, кен орындары, американдық ұшақтарды сатып алу) американдықтарды көңілін табуға ұмтылуда.
Пессимистік сценарий:
Егер келісімге келе алмаған жағдайда АҚШ Иранға әскери шабуыл жасайды. Қазір Иран маңына шоғырланған американдық әскери күштердің басшылары 2-3 апталық соғысқа дайын екендігін мәлімдеуде.
Иран өз кезегінде, соғыс бола қалған жағдайда, аймақтағы американдық әскери базалар мен АҚШ одақтастарына шабуыл жасалатындығын мәлімдеді. Сонымен бірге әлемдік мұнай тасымалының 20 пайызын өткізіп отырған Ормуз бұғазын жауып, мұнай бағасын шарықтатуы мүмкін.
Аймақтағы көптеген елдер Иран зымырандары мен ядролық сынақтарынан қауіптеніп отырғанын жасырмайды. Алайда соғыс бола қалған жағдайда және діни билік құласа, аймақта ұзаққа созылған тұрақсыздық басталады. Бұл көрші елдердегі, соның ішінде Қазақстанның да саяси және экономикалық тұрақтылығына әсер етуі мүмкін.
Келісімге қарсы жақтар: Израиль мен қазіргі Иран оппозициясын біріктіруге ұмтылып, әскери шабуыл жасауға шақырып отырған ханзада Реза Пехлеви.

Фото: IRNA Иранның «Хорремшехр-4 орта қашықтықтағы баллистикалық зымыраны
P.S. АҚШ Украина мен Иран мәселесін жазға дейін шешуге ұмтылады. Себебі күзде АҚШ Конгресіне сайлау.


