сурет ЖИ арқылы салынды
Трамптың Украинаға байланысты жоспарын әлемдік беделді басылымдар «ультиматум», «капитуляция» деп бағалауда. The Guardian (Ұлыбритания): 2025 жылғы 19 қарашадағы мақалада Трамп жоспары «Киевтің капитуляциясына негізделген» деп сипатталып, оның Украинадан айтарлықтай жеңілдіктер талап ететіні атап өтілген. Newsweek (АҚШ): 2025 жылғы 21 қарашадағы мақалада сыншылар, соның ішінде украин шенеуніктері, аумақтық жеңілдіктерге сілтеме жасай отырып, жоспарды «капитуляция» деп айыптағаны айтылған. The Atlantic (АҚШ): 2025 жылғы 21 қарашадағы жазбада (Facebook арқылы) жоспар «ірі аумақтық жеңілдіктерді» талап ететіні, яғни капитуляцияны білдіретіні сипатталған, бірақ бұл термин тікелей қолданылмайды; дегенмен, басылым мәліметтерді «терең алаңдатарлық» деп атайды. Financial Times басылымының журналисі Кристофер Миллер X әлеуметтік желісінде «осындай жоспар қабылданса, бұл Украинаның капитуляциясы» деп жазды.
Өткен аптадағы саяси оқиғаларға шолу жасайтын болсақ, онда біз бір бірімен байланысты бірнеше оқиғаларды атап өтіп, оларды өзара байланыстыруға болады деп есептейміз.
Бірінші, АҚШ-тағы « Эпштейн ісіне» байланысты құжаттар Конгрестің шешімімен жарияланатын болды. 12 қараша күні Конгресстің Бақылау және үкіметтік реформа комитетіндегі Демократиялық партияның мүшелері Эпштейннің электрондық хаттарын жариялады. АҚШ миллиардері, 2008 жылы жезөкшелікті ұйымдастырғаны үшін кінәсін мойындап, кәмелетке толмаған баланы зорлағаны үшін сотталған қаржыгер Джеффри Эпштейн 2019 жылдың жазында АҚШ-та қайтадан тұтқындалып, оған 14 жастағы қыздарды саудаға салу және оларды жезөкшелікке азғыру айыптары тағылды. Сол жылдың тамыз айында 66 жастағы миллиардер сот қарсаңында, түрмеде өз-өзіне қол жұмсады. Оның сүйіктісі және сыбайласы, британдық азамат Гислен Максвелл жыныстық саудаға көмектескені және оны қолдағаны үшін 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатыр. Бұл хаттар Эпштейн ісіне байланысты Конгресс жүргізген тексеру барысында алынған материалдар. Құжаттардың жалпы саны 20 мың. Бұл хаттардың көпшілігінде Трамптың аты аталады. Сонымен бірге баспасөзде «уақытында Эпштейн Трампқа қарсы материалдарды Ресей басшыларына бермекші» болды деген хабар тарады. Бұл сыбыстың негізі бар, бірақ нақты дәлел жоқ. Себебі Эпштейннің Ресей олигархтарымен байланысы болған. Сонымен бірге басылымдарда Эпштейннің Ресей елшілерімен, билік өкілдерімен байланысы туралы мәлімет тарады.
Осы хаттар жарияланысымен АҚШ тағы Трамптың президенттік сайлауда жеңуіне үлкен көмек көрсеткен MAGA қозғалысында алауыздық пайда болды. Себебі сайлау қарсаңында Трамп осы құжаттарды жариялауға уәде берген болатын. Алайда бір жылға жуық уақыт өткенімен, хаттарды жариялауды Трамп әкімшілігі созып келді. Демократтар Эпштейннің хаттарын жариялағаннан кейін, Трамптың жақтастары да хаттарды жариялауды талап ете бастады. Солардың бірі Конгресс депутаты Марджори Тейлор Грин. Гринді республикалық партия мүшесі, конгрессмен Томас Масси қолдады.
Екінші, қараша айында Трампты халықтық қолдауын зерттеген сауалнама нәтижелері жарық көрді. Республикашылардың сенімі 90 пайыздан 68 дейін, тәуелсіз сайлаушылар 46 -дан 29 дейін, ал жалпы сенім 47 пайыздан 29 дейін төмендеген. Елде инфляция 3 пайыздан асып, үкіметті қаржыландыру тоқтап (шатдауын), Эпштейн хаттарының жариялануы Трампқа деген сенімді азайта бастады.
Бұл оқиғалар АҚШ та болып жатса, ал Украинада да ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін шулы оқиғалар басталды.
Бірінші, «Мидас» деп аталатын коррупциялық іс туралы ақпарат Украина басшылығы үшін жарылған бомба болды. Соғыс жағдайында президент Зеленскийдің достарының бірі, уақытында сонымен бірге театр ашқан Миндич пен оның сыбайластары деп аталған екі министр энергетика саласындағы компаниялардан 100 миллион доллардай пара алды деп айыпталды. Осыған орай 15 айдан бері тергеліп келе жатқан қылмыстық іс дәл осы уақытта неге жарияланды деген сұрақ туады? Кездейсоқтық па әлде?
Екінші, осы жемқорлыққа байланысты іс жарияланысымен Парламенттегі президенттік партия болып есептелетін «Слуга народа» партиясында ішкі талас басталды. Фракция жетекшісі Арахамия президент офисінің жетекшісі Ермактың биліктен кетуін талап етсе, өз кезегінде Ермак Арахамияны фракция жетекшілігінен тайдыруға күш салуда.
Уақытында Украинаға «бүйрегі бұратын» Трамптың Украинаға байланысты өкілі генерал Келлог жоспар жарияланғаннан кейін қызметтен кететінін мәлімдеді. Оның орнына министр Дрисколл келіссөз жүргізуге Украинаға келді. АҚШ делегациясы Зеленский алдағы бейсенбіге дейін жоспарға қол қоюы керек деген Трамп тапсырмасын ала келді. Жан жақты қыспаққа қалған Зеленский Ұлтқа арналған мәлімдеме жасауға мәжбүр болды. Онда ол: «Украина өте қиын таңдауға тап болуы мүмкін: не абыройынан айырылу, не негізгі серіктесінен айырылу қаупі. Не қиын 28 бап, не өте қиын қыс, ең қиын қыс және одан да көп қауіптер. Бостандықсыз, абыройсыз және әділеттіліксіз өмір – және біз үшін екі рет шабуыл жасаған адамға сену» деп жағдайдың қиындығына ерекше тоқталды.
Ал енді Ресейдің үнсіздік сақтап, Песков айтқандай «түк білмейміз» дегеніне қарамастан Трамп ультиматумының авторы Уиткофф «Аxios» басылымы құпия келісім туралы мәлімет жариялаған күні Х (Твиттер) әлеуметтік желісінде «бұл ақпаратты К желіге ағызды» деп жазып, сәлден кейін өшіріп тастады. Сарапшылар оның « К» деп отырғаны Ресей тарапынан жоспар жасауға қатысқан Кирилл Дмитриев деп есептейді. Жұма күні Ресейдің қауіпсіздік кеңесінің мәжілісінде сөйлеген сөзінде Путин «Президент Трамптың Украинадағы жағдайды шешуге арналған бейбітшілік жоспары Аляскадағы кездесу алдында талқыланды, ал осы алдын ала талқылау кезінде американдық тарап бізден белгілі бір ымыраға келуді және, өздері айтқандай, икемділік танытуды сұрады» деп мәлімдеді. Ол өз сөзінде Украина мен Батыс Еуропа басшыларына тағы да нақты белгі берді: «біз арнайы әскери операцияны соңына дейін жеткіземіз» деп нақты мәлімдеме жасады.
Осыған орай Будапештегі кездесуден Трамп бас тартқаннан кейінгі және «Лукойл» мен «Роснефтке» санкция жарияланғаннан кейінгі Мәскеудегі аласұрған шабылыс пен кешегі мәлімдеме аралығында не өзгерді деген сұрақ пайда болады.
Сырттан қарағанда Трамп Ресейге қарсы санкциялар арқылы Путинді келісімге мәжбүрлеп отырған сияқты. Ал Трамп жоспарының мазмұнына қарағанда Путин жеңіске жеткен сияқты: Донбасс толық Ресейге қосылады, 100 күннен кейін Украинада президент сайлауы өткізіледі, Украина НАТО-ға мүше бола алмайды және әскер саны мен қару жарағы азайтылады (Трамп жоспарының Axios сайтында жарияланған нұсқасын аударып https://duniye.kz сайтында жариялаймыз).
Трамп жоспарының қабылдануына ішкі саяси жағдай әсер етіп отыр ма, әлде осы жағдайға шиеленістіретін сыртқы қысым да бар ма?


