Фото: Вахид Салеми/AP
Ұзақ жылдар бойы Израиль «Иран ядролық қару жасауға дайындалуда, сондықтан оның ядролық объектілерін жою қажет» деп қоқан-лоққы жасап келген еді. Бүгін сол жоспарын жүзеге асырды. Бұрынғы қақтығыстарға қарағанда бұл шабуылдың жөні басқа. Себебі ұзақ жылдар бойы дайындық өз нәтижесін берді.
Израиль Иранның бүкіл шешім қабылдайтын әскери басшылары- генералдарды өтірік ақпарат арқылы бас қосуға мәжбүр етті және бір соққымен әскерді басқарусыз қалдырды. Times of Israel газеті алғашқы соққы нәтижесінде Ирандағы ең ықпалды Ислам сақшылары корпусының басшысы генерал Салами, Иран әскерлерінің қолбасшысы Багери, Бас штаб бастығы аль Анбия, ерекше басшылық бастығы Али Рашид өлтірілді деп хабарлады. Сонымен бірге Ислам сақшылары корпусының аэрокосмостық күштерінің қолбасшысы бригадалық генерал Хаджизаде де жойылды. Бұл топта ұшқышсыз ұшақтар әскери тобының басшылары мен баллистикалық зымырандар бөлімдерінің басшылары да бар деп хабарланды. Жойылғандардың қатарында Иранның ядролық қару-жарақ жасауға қатысып жүрген атақты ғалымдары да бар.
Рейтер агенттігі Изарильдің 200 ұшағы ядролық объектілерге, әскери бөлімдер мен зымыран жасайтын заводтарды бомбылағаны туралы мәлімет жариялады. Бұл шабуылды ұйымдастыру барысында «Моссад» барлау және арнайы операциялар ұйымы Иран территориясына үлкен көлемде қару-жарақ пен ұшқышсыз ұшақтар алып кірген. Шабуыл басталғанда осы топтың адамдары Иранның әуе қорғанысы объектілеріне іштен шабуыл жасаған. Соның нәтижесінде Иранның әуе қорғанысына үлкен нұқсан келтірілді.
Қазіргі мәліметтер бойынша Израильдің әуе шабуылының нәтижесінде Натанзадағы ядролық объектіге үлкен нұқсан келтірілген. Алайда Исфахан мен Бушейрадағы объектілер әзірге зиян шекпеген. Иранның Pars агенттігі Изариль Фордодағы жер астында орналасқан уранды байыту заводына шабуыл жасалғанын мәлімдеді.
АҚШ президенті Трамп шабуыл қарсаңында Иранды келіссөзге келуге шақырып, Израильдің әскери операцияға дайындалып жатқанын мәлімдеген болатын. Бүгінгі шабуылдың нәтижесін Трамп жоғары бағалап, Иранның әлі де болса, келісімге келуге мүмкіндігі бар деп жариялады.
Әлеуметтік желілер Иранның 800-ге жуық ұшқышсыз ұшақтары Израильді шабуылдауда деп хабарлауда. Алайда олардың басым бөлігін Израиль атып түсірді. АҚШ-тың Axios сайты Иран Израильді баллистикалық зымырандармен атқылауда деп хабарлауда. Израильдің «Темір күмбез» деп аталатын әуе қорғанысы жүйесі әуе шабуылдарынан тиімді қорғаныс ұйымдастыра алады.
Бұл шабуыл соғысқа ұласа ма деген заңды сұраққа жауап іздейтін болсақ, біздің болжам бойынша, соғыс болмайтын сияқты. Себебі Иранмен одақтас болып отырған Ресей Украинадағы соғыстан бас көтере алмай отыр. Ресей президенті Путин Израиль премьер -министрі Биньямин Нетаньяху мен Иран президенті Масуд Пезешкианмен телефон арқылы сөйлесіп, келісімге келуге бастама көтеруде. Бұл Ресейдің дәл осы жағдайда ештеңе істей алмайтынын көрсетеді. Ал енді Иранның өзінің ұзақ соғыс жүргізуге мүмкіндігі шектеулі. Ұзаққа созылған санкциялардан кейін Иран экономикасы біршама әлсіреген. Саяси жағынан да Иран соңғы жылдары біршама әлсіреп қалды. Себебі Израиль бірінші кезекте Иранның одақтастарын талқандады. Хамас пен Хезболла әскери ұйымдары талқандалып, бұрынғы ықпалынан айрылды. Сонымен бірге Иранның өз ықпалын күшейтуге арналған плацдармы -Сирияда билікке оппозиция келді. Ирактағы шииттердің соғыстың қозғаушы күшіне айналуы екіталай. Міне осындай жағдайда Иранның соғыс бастауы өліммен тең. Әрине осы соққыға жауап ретінде өткен жолғыдай шабуыл ұйымдастырылу мүмкін. Ал енді мұсылман дүниесінде шиитттер мен сунниттер арасындағы келіспеушіліктер де Иранның кең қолдауға ие болмайтынын көрсетеді.