Фото: Bernhard Huber/MBDA
Германияда кезектен тыс сайлаудан кейін жаңа коалициялық үкімет құрылуда. Қазіргі таңда ұзаққа созылған келіссөздерден кейін Христиан демократиялық одағы-Христиан әлеуметтік одағы блогы Социал -демократтармен бірігіп үкімет құратын болып келісті. Сайлау қарсаңында-ақ Христиан демократиялық одақ партиясының төрағасы Фридрих Мерц блок жеңген жағдайда канцлер қызметіне ұсынылады деп болжанған болатын. Ф.Мерц бұрынғы үкімет басшысы-канцлер Шольцке қарағанда батыл және Украинаға байланысты позициясы айқын саяси қайраткер. Шольц уақытында Германияның Taurus деп аталатын қанатты зымырандарын Украинаға беруге қарсы болған еді. Өзінің шешімін ол «Taurus-ты алған украиндар Қырым көпірін атқылап, бұзатын болса, онда Ресей НАТО-мен соғысуы мүмкін» деп түсіндірген еді. Бұл қорқынышқа сол кезде Ресей басшылары қайта-қайта қоқан-лоққы жасап, ядролық қаруды қолдану туралы мәлімдемелері де әсер етті.
Алайда болашақ канцлер Ф.Мерц сайлаудан кейін Украинаға Taurus-ты беру керек деп мәлімдеген еді. Өткен жексенбі күні Германияның ARD телеарнасына сұхбат берген Ф.Мерц Украинаға қанатты зымыран беріле ме деген сұраққа -Европалық әріптестермен кеңескеннен кейін, міндетті түрде» деп жауап берді. Осы сұхбат туралы мәлімет немістің ZDF (Zweites Deutsches Fernsehen) —қоғамдық телерадио арнасының сайтында жарияланды.
ХДО жетекшісі кейбір серіктестердің Украинаға қанатты зымырандарды жеткізіп жатқанын атап өтіп, «британдықтар жіберуде, француздар да жіберді, ал американдықтар да беріп жатыр» деп атап өтті. Бұл ретте ол зымырандарды жеткізу мәселесі шешілсе, Германия да бұл жеткізілімдерге қатысуы керектігін баса айтты.
Сонымен бірге «Украина армиясы қорғаныстан шығуы керек — ол тек тоқтатумен әлек», — деді Мерц. Үш жыл бойы ол тек шабуылды тоқтатуға тырысуда, сондықтан «болып жатқан оқиғаның бір бөлігін өзі анықтауға тиіс» деді.
ХДС көшбасшысының айтуынша, бұл, мысалы, Ресей мен аннексияланған Украинаның Қырым түбегі арасындағы ең маңызды құрлық байланысының жойылуын білдіруі мүмкін. Бұл көпірмен Ресей армиясына арналған әскери техниканың басым бөлігі өтеді.
Шольц айтуға қорыққан мәселені Мерц нақты айтып отыр. Оның бұл ақпараты Кремльге ескерту деп қабылдауға болады. Себебі Мерц Путинді тек күш тоқтатады деп есептейді.
TAURUS — неміс-швед бірлестігінің туындысы, оның британдық Storm Shadow және француздық SCALP-тен айырмашылығы бар. Мәселе оқтұмсықтың дизайнына қатысты, сондықтан Осло университетінің қызметкері Фабиан Хоффман американдық Newsweek журналына берген сұхбатында TAURUS-ты көпірлерді жоюға арналған «тиімді қару» деп атады.
ZDF неміс телеарнасына берген сұхбатында Маркус Койп, Цюрихтағы Швейцариялық жоғарғы Технологиялар институтының әскери академиясының сарапшысы «Зымыранның шын мәнінде екі оқтұмсығы бар — біріншісі жарылып, жолындағы күшті кедергіні, мысалы, көпірдегі жолды жояды да, екінші оқтұмсықты іске қосады, ол негізгі соққыны береді, мысалы, көпір тірегін жояды», — деп түсіндірді.
Немістер қанатты зымыранын Украинаға бере ме?
