Дүние көз тіккен АҚШ-тағы президент сайлауы аяқталды. Д.Трамп айқын басымдықпен жеңіске жетті. Президент сайлауымен қатар АҚШ-тың кейбір штаттарында Конгресс пен Сенатқа депутаттар сайланды.
«Блумберг» (Bloomberg) агенттігі АҚШ-та биылғы сайлау науқанына 14 миллиард доллар жұмсалды деген мәлімет жариялады. Сонымен бірге сайлау нәтижесі жарияланысымен, бір күн ішінде, 10 миллиардердің қаржы көлемі жалпы 64 миллиарды долларға көбейді. Соның ішінде Илон Масктың байлығы 25 миллиардқа көбейіп, жалпы қаржы көлемі 290 миллиардқа жетті. «Бибисидің» (BBC) мәліметі бойынша Маск Трамптың сайлау кампаниясына 200 миллион доллар жұмсап, 25 миллиард пайда тапса, онда « тәуекелге барғандар ғана шампан ішіп жатқанын» байқауға болады. Байлығы көбейгендердің қатарында жаңа президент болып сайланған Д. Трамп та бар.
Сонымен сайлау науқаны аяқталды. Трамптың ресми қызметке кірісуіне екі айдай уақыт бар. Енді Трамп кәнігі бизнесменнің әдісіне басып, қарсыластарын қорқытып, әріптестерімен саудаласып жатыр. Трампқа жақын адамдар, тіпті балалары да, әр түрлі ақпараттарды жан-жаққа таратып жатыр. Бұл «тамыр басу» ойыны жаңа жылға дейін созылады. Трамп стратегиясы өзекті мәселелер бойынша жобаларды талқыға салу, варианттарды анықтау және қарсыластар мен әріптестердің реакциясын байқау және саудаласу. Трамп Американы байыту үшін доспен де жаумен де саудаласу қажет деп есептейді.
Ал енді осы саудаласуға негіз болатын Трамп офисінен шығып жатқан ақпараттар ағынын мынадай тақырыптарға бөлуге болады.
Бірінші, Украинаға қаржылай қолдау болмайды және қазіргі соғыс жүріп жатқан аймақта әскерлерді тоқтатып, сол жерде ерекше аймақ орнату. Бұл Украинаны келісімге мәжбүрлеу және Ресей басып алған территорияларды қайтармау. Сонымен бірге Помпеоның жоспары да талқыланып жатыр. Бұл жоспар бойынша Ресей ұсыныстарды қабылдамаған жағдайда Украинаға қару-жарақты, қаржыны үйіп-төгіп, Ресейді әлсірету.
Екінші, Европа мен Азиядағы одақтастардың тауарына 20 пайыздық, ал Қытайдың тауарларына 60 пайыз салық салу.
Үшінші, НАТО әскери блогынан АҚШ-тың шығу мүмкіндігі және Европа елдерінің қорғаныс саласына бөлінетін қаржы көлемін көбейту.
Төртінші, 11 миллионға жуық мигранттарды АҚШ-тан күштеп шығару
Бесінші, Қытайдың күшеюіне жол бермеу саясатын жүзеге асыру. Сонымен бірге Қытай қысым жасап отырған Тайванға көмектеспеу.
Алтыншы, Азиядағы одақтастармен саудаласу. Жапондарға қорғанысқа қаржыны көбейтуді талап ету, ал Оңтүстік Кореядан АҚШ-тың қарулы күштері орналасқаны үшін 10 миллиард доллар төлем сұрап отыр.
Қазіргі кезеңде осы тақырыптардың барлығы әлемнің әр түрлі елдерінде, әр түрлі деңгейде талданып, талқыланып жатыр. Сарапшылар әр варианттың қандай қауіпті жақтары бар, қарсыластардың реакциясы, нәтижесі қандай болады деген сияқты талдауларды бір орталыққа жинап, талқылайтыны белгілі.
Ал енді қарсыластар да қарап жатқан жоқ. Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Рябков ядролық қаруды қолданудың жеңілдетілген жоспары жасалғанын мәлімдеп, соғысты жалғастыра беруге барлық жағдай жасалғанын білдірсе, ал Қытайдың China Daily газеті «Қытай-Америка қарым-қатынастары экономикалық, технологиялық, әскери және идеологиялық өлшемдерді қамтитын күрделі бәсекелестікке айналғаны шындық»-деп жазды. Ал пәкістандық сарапшылар АҚШ тарапынан қолданылатын қатаң шаралар күшейген сайын Оңтүстік -Шығыс Азия елдері Қытайдың айналасына топтаса түседі деп есептейді. Пәкістандық ғалым Рамей АҚШ Пәкістаннан «Бір жол, бір белдеу» жобасынан бас тартуды талап еткенімен, біз жалғастыра береміз, алайда Халықаралық валюта қорының несиесіне байланысты мәселе туындауы мүмкін дейді.
Шынында да АҚШ-тың «оқшаулану саясаты» аймақтық саяси-экономикалық және әскери блоктардың топтасуына әкелетін сияқты. АҚШ-тағы президенттік сайлау аяқталғаннан кейін Еуроодақ елдері Венгрия астанасында бас қосып, жаңа жағдайдағы саясатты тұжырымдауға кірісті. Еуроодақтың сақтануына себеп көп, ол тек салықты ғана қамтымайды, сонымен бірге қорғаныс мәселесінде де шешілмеген мәселе көп.
Оңтүстік Кореяның «Yonhap News» агенттігінің журналисі АҚШ-та президенттік сайлауда жеңіске жеткен Д.Трамп ұсынып отырған «оқшаулану» (изоляционизм) саясатының Америкада қалыптасу тарихына талдау жасай келе, былай деп тұжырым жасайды: «Көптеген сарапшылар сайланған президент Трамп көтерген неоизоляционизм саясатын риторикадан басқа ештеңе емес деп санайды. Билік бос кеңістікті қаламайды. Америка Құрама Штаттары қалдырған бос кеңістікті Американың бәсекелестері тез толтыратыны анық. Ресей Еуропада, Қытай Шығыс Азияда, Иран Таяу Шығыста билігін орнатады. Атап айтқанда, сайланған президент Трамптың Солтүстік Кореяға «асығыс» көзқарасы біз үшін қорқынышты түс болуы мүмкін. Солтүстік Корея АҚШ-тың тежеу шараларын кеңейтуге деген ерік-жігері әлсіреп бара жатқанын сезіп, арандатушылықты бастайды».
Сарапшылар мен журналистердің үлкен қызығушылығын тудырып отырған мәселе -Трамп кімдерді әкімшілікке шақырып отыр деген сұрақ. Бұл ішкі саудаласудың кезеңі. Трамп әр түрлі мүдделі топтардың және өзін қолдаушылардың арасынан сенімділерді үкіметке қызметке тағайындап отыр. Тағайындауға байланысты жаңалықтарды саяси элита үлкен сақтықпен бақылауда. Себебі әр салаға жауап беретін адамдардың көзқарастары, стратегиясы көпшілікке таныс болғандықтан, олардың қызмет барысын болжауға болады. Мысалы, ағылшынның «Гардиан» газеті АҚШ-тың Изарильдегі елшісі қызметіне Майк Хакаби тағайындалатыны жарияланғаннан кейін ол туралы мынадай мәлімет береді: Оның 2018 жылдан бергі «арманы Израиль басып алған Батыс жағалауда « демалыс үйін» салу» десе, ал Трамп « шекара патшасы» болады деп жариялаған Том Хоман сайлау қарсаңында «ел тарихындағы ең үлкен депортацияны жүзеге асырамыз» деп мәлімдеген еді. Ал «Файнэншл таймс» (Financial Times) газеті Трамп кабинетіне адамдардың таңдалуы Қытайға байланысты қатаң шаралардың күшейетінін көрсетеді деп жазды. Мысалы, қытай компанияларына қарсы, соның ішінде TikTok пен Huawei-ге тиым салуға бар күшін салып жүрген Сенат депутаты, латинамерикандық Марк Рубио мемлекеттік хатшы (басқа елдерде сыртқы істер министрі) қызметіне тағайындалатыны жарияланды.
Сонымен «дүниенің тірегімін» деп есептейтін АҚШ-та сайлаудан кейін жеңіске жеткен саяси топ үлкен саяси ойынды бастап отыр. Қауіптенудің жөні бар. Біраз ақпарат құралдары Трампты бірінші президенттік мерзімінде-ақ «нарцисс» деп атай бастаған еді. Әлемдік экономика мен халықаралық қатынастарға талдау жасайтын The Globalist сайтында Питсбург университетінің құрметті профессоры Майкл Бреннар 2024 жылдың қыркүйек айында «Нарциссизм және Трамп: ұзақ тарих» деген мақала жариялады. Грек мифологиясында өзіне -өзі ғашық жас жігіт туралы аңыз бар. Бұл термин сонымен бірге психологияда өзін асыра бағалайтын адамдарға байланысты қолданылады. 2018 жылы АҚШ-тың беделді 33 психолог және психиатрлары «The New York Times» газетіне жазған хатында осы мәселеге мән берген болатын. Ал «Немецкая волнаға» берген сұхбатында нарциссизмді зерттеп жүрген ғалым Бэрбель Вардецки «Ол нарциссизмнің нақты көрінісі» деп жауап берді.
Ал енді нарцисске нарцисс кездессе не болады? Қазіргі жағдайда қолына шырақ алып, талтүсте адам іздеп жүрген Сократ қана жетіспей тұр.