2014 жылы Украинада кезекті түрлі-түсті революция жүзеге асты. «Батысшылдардың» билікке келуі, «ресейшілдердің» жеңілісі, көрші Ресей үшін өте ауыр соққы болды. Себебі кешегі Кеңестер Одағының құрамындағы республикалардың «бақылаушысы» болуға үйренген Ресей Украинадан оңайлықпен айрылғысы келмеді және басқаларға сабақ болсын деп, «сабап» алмақшы болды.Бұл Ресейдің сыртқы саясатындағы сыналған әдіс еді. Дербес саясат жүргізуге тырысқан Молдовадан Приднестровьені, Грузиядан Оңтүстік Осетия мен Абхазияны тартып алғаны белгілі. Осы жолы Украинадан Қырымды тартып алды.
2022 жылы ақпан айында Ресей «орыс мәселесін» шешу және «НАТО-ның кеңеюіне» қарсылық ретінде Украинаға басып кірді. Бастапқыда Кремльдің жоспары аз уақытта Украинаны басып алып, «қуыршақ үкіметті» билікке әкеліп, сырттан басқару еді. Кеңестік кезеңде өнеркәсіптік әлеуеті бойынша Ресейден кейінгі орында болған Украина шапқыншылыққа шыдады. Ең бастысы, халқының патриотизмі болды.
Ресей басшылығы Украинаны басып алғанға Еуроодақ пен АҚШ көп қарсылық көрсете қоймайды деп болжады. Себебі Ресей Европаны газ бен шикізат арқылы «байлап тастадық» деген ойда еді. Алайда Европа елдері мен АҚШ-тың көмегінің нәтижесінде және украиндықтардың жанкештілігінен Ресейдің ойлағаны жүзеге аспады. Екі жылдан астам соғыс барасында шекаралық аймақтарда «жасанды республикалар» құрылып, танылғанымен Ресей Украинаны басып ала алмады.
2024 жыл ресей-украин соғысында шешуші жыл болмақ. Екі жылдан асқан соғыс барысында екі жақ та өз мақсаттарына жете алмайтыны байқалды. Ресейдің ендігі мақсаты- жаңадан басып алынған және Ресейге қосылды деген жерлерді сақтап қалу. Ал Қырым мәселесі талқылауға түспейтін мәселе екенін ресми жарияланды. Украина болса өз жерін толық азат ете алмайтыны белгілі болды. Адам күші де, материалдық көмек те сарқылуда. Сондықтан екі жылдан астам соғыс нәтижесінде оня аяқтаудың екі варианты пісіп жетіле бастады. Біріншісі, ұзақ уақытқа созылатын, екі жақты да діңкелетіп шаршататын шекаралық аймақтан аса қоймайтын соғыс. Қазірдің өзінде осы стратегия жүзеге асуда. Ресей Украинаның электр тораптары мен өндіріс орындарын зымырандармен және ұшқышсыз ұшақтармен шабуылдауда. Өз кезегінде Украина Ресейдің мұнай өңдейтін және сақтайтын заводтары мен кәсіпорындарын істен шығаруда.
Соғыс екі жыл ішінде екі елді де біраз шаршатты: адам шығыны (1 миллионға жуық), өндіріс орындарының қиратылуы, соғыстан қашқандарды көшіру және т.б. мәселелер мен санкциялар халыққа да экономикаға да кері әсер етті.
Бірінші сценарий бойынша соғыс ұзаққа созылады. Себебі Ресейдің стратегиясы бойынша Украинаның одақтастары (АҚШ пен Еуроодақ) ұзаққа созылған соғыс барысында көмек беруден шаршайды және халқы наразы болады деген стратегияны жүзеге асыруда. Бұл стратегия кейбір елдерде жүзеге асуда. Мысалы, Германияда, Словенияда. 3 қыркүйекте АҚШ-тың беделді «Foreign Affairs» журналында «Путин Украинада ешуақытта берілмейді» деген Питер Шредердің мақаласы шықты. Автор «Путин Украинадан өлгенде ғана немесе биліктен кеткенде бас тартады» деп қорытынды жасаған. Сондықтан ол мақаласын АҚШ, оның одақтастары мен Украина ресурстарын босқа шашпай, ұзақ мерзімді соғысқа дайындалуы керек деп қорытындылайды.
Ресей стратегиясындағы тағы бір маңызды фактор — ноябрьдегі АҚШ-тағы президент сайлауы. Президенттікке үміткер Трамптің сайлауда жеңіске жеткен жағдайда соғысты бір күнде тоқтатамын деген уәдесін екі жақ та сақтықпен қабылдады. Бірақ Ресей Трамп жеңіске жетсе, АҚШ Украинаға көмегін қысқартуы мүмкін деп үміттеніп отыр. Алайда Байденнің сайлау додасынан шығып, орнына Камала Харристің үміткер болуы Ресейдің болжамын өзгертіп отыр. Қазіргі АҚШ-та жүргізіліп жатқан сауалнамалар бойынша Харрис сәл де болса алда келеді. Харрис билікке келген жағдайда Украинаға көмек көбеймесе, азаймайтын сияқты. Бұл сценарий бойынша АҚШ пен Еуроодақ Ресейді әбден тұралатып, шаршатып, келісімге келуге мәжбүр етеді. Сонымен бірге Украина одақтастардың көмегімен алысқа жететін зымырандарды жасап, пайдалануы да көмектің күшейетінін көрсетеді.
Екінші сценарий бойынша 2024 жылы басталатын келіссөздердің нәтижесінде соғыс аяқталып, Ресейдің Стамбулдағы келісімге енгізген кейбір ұсыныстары қабылданады (НАТО-ға мүше болмау, орыс тілін мемлекеттік тіл жасау және т.б.) және Қырым Ресейдің құрамында қалады. Украина президенті Зеленский келесі бейбітшілік туралы конференцияға Индия бастама көтерсе және Ресей қатысса деген ұсынысы және жақында сайланған Украинаның сыртқы істер министрі Сибиганың уақытында Қырым мәселесін кейінге қалдырып, келісімге келуге болады деген мәлімдемесі де украин жағының келісімге келуге қарсы еместігін көрсетеді. Ресей де қоқан-лоққы көрсетіп, шіренгенімен келіссөздерден қашып отырмағанын Украинаның Курскі облысын басып алғаннан кейін энерсекторды шабуылдамау туралы жасырын келіссөздер жүргізілгені туралы мәлімет растайды. Бұл мәліметті екі жақ та растап отыр.
Жақында ғана Ресейдің сыртқы істер министрі Лавровтың «»әңгіме территориялар туралы емес, біз ешқашан біреудің жерін қалаған емеспіз». «Біз орыс мәдениеті мен тілінің ажырамас бөлігі болып табылатын адамдарға адамгершілікпен қарауды қаладық»- деген сөзінің астарында қандай ой бар екені жақын арада белгілі болады. Сонымен бірге Путинге жақын адамдардың бірі, ВТБ банктің басшысы А.Костин инфляцияның өсуін «- бастамайтын жол» деп атады. Себебі Орталық банктің негізгі мөлшерлемесі 2023 жылдың желтоқсанынан бастап 16% болды, ал биыл шілдеде ол 18% дейін көтерілді. РБК сауалнамасына қатысқан сарапшылар оның биыл 2024 жылдың соңына қарай 20%-ға дейін жеткізуге мүмкін деп болжап отыр. Бұл Путинге сөзі өтетін бизнес элитаның экономикадағы дағдарыс нышандарына алаңдап отырғанын көрсетеді. Путинді келіссөзге итермелейтін тағы екі фактор бар. Біріншісі, «Пригожин синдромы», яғни әскерилердің наразылығы. Екіншісі, Иран зымырандарын Ресей пайдаланатын болса, онда АҚШ Украинаға ішкі аймақтарды атқылауға рұқсат береді. Онда халықтың наразылығы да күшейеді.
Ресей-Украин соғысы қашан аяқталады?
