Фото: Roy De La Cruz/Sipa/Sopa/picture allianc
Гарвард университетінің The Harvard Crimson басылымы және New York Times газеті Таяу Шығысты зерттеу орталығының (CMES) басшыларын Израильге қарсы көзқарас танытты деген айыппен Трамп әкімшілігінің қысымынан кейін жұмыстан шығарғаны туралы ақпарат жариялады. CMES директоры Джемал Кафадар мен оның орынбасары Рози Бшир қызметінен босатылды. Директордың міндетін атқарушы болып профессор Салман А.Кешавджи тағайындалады.
Әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканының міндетін атқарушы Дэвид Катлер Кафадар оқу жылының соңында қызметінен кетеді деп күтілуде деп мәлімдеді және әріптестерінен жаңа басшылыққа үміткерлерді ұсынуды сұрады. Жұмыстан босатылған ұстаздармен сөйлескен мұғалімдер оларды орындарынан кетуге мәжбүр етті деп есептейді.
Гарвард сонымен қатар антисемитизм үшін сынға алынған бағдарламалардан, соның ішінде Батыс жағалаудағы Бирзейт университетімен ғылыми серіктестікті тоқтатты, себебі байланыстарды тоқтату туралы талаптарды орындауға мәжбүр болды.
Трамп әкімшілігінің қысымынан кейін Колумбия университетінің уақытша президенті Катрина Армстронг антисемитизммен күресу үшін жеткілікті шара қолданбады деген айыптан соң федералды қаржыландырудан 400 миллион доллар жоғалтпас үшін отставкаға кетті. Колумбия университеті қаржыландыруды қалпына келтіру үшін шегінуге мәжбүр болды. Алайда ғалымдар қауымдастығы бұл академиялық еркіндікке қатысты әлсіз ұстаным деп басшылықты сынға алды.
Рейтер агенттігі Колумбия университетінің профессорларының атынан өкілдік ететін топтар сейсенбіде Трамп әкімшілігін университет кампустарындағы наразылық жасауға тиым салғаны үшін және оның Таяу Шығысты зерттеу бөліміне сырттан бақылау қойғаны үшін сотқа бергенін хабарлады.
2024 жылдың жазында Колумбия университеті Америка Құрама Штаттарын кеңінен қамтыған демонстрациялардың орталығы болды. Шерушілер 50 мыңнан астам палестиналықтардың өмірін қиған Израильдің Газаға басып кіруін тоқтатуды талап етті және Израильді геноцид жасады деп айыптады. Олар сондай-ақ өз колледждерінен Израильмен байланысы бар компаниялардан бас тартуға шақырды.