Басты бетӘлем жаңалықтарыУкраина тағдыры қыл...

Украина тағдыры қыл үстінде

Аляскадағы Трамп пен Путин кездесуі Ресей-Украина соғысын тоқтата қоймайтыны белгілі. Алайда ұзаққа созылатын келіссөздердің басы болуы мүмкін. Келіссөзге қатысушылардың мүдделері қандай?

Путин не үшін келіссөзге келісті?

Үш жылдық соғыс барысында Ресей экономикасына үлкен нұқсан келді. Ресейдің келіссөзді бастауына себеп болған Евроодақтың 18-ші пакеттегі санкциялары (мұнайды 60 доллардың орнына 47 доллардан сатып алу) мен сенатор Линдси Грэм бастамасымен АҚШ-та дайындалған орыс мұнайын сатып алушыларға салынатын салық туралы заң жобасы. Бастапқыда АҚШ Сенаты  ресей мұнайын сатып алушыларға 500 пайыздық салық салуды жоспарласа, Трамп салық көлемін 100 пайызға төмендетті. Бұл идеяны Трамп Ресей мұнайын сатып алушы негізгі елдің бірі- Индияға салынған 50 пайыздық салық арқылы сынақтан өткізуде  және бұл шара АҚШ қолындағы негізгі құрал, экономикалық шоқпар болғалы тұр.

Сонымен бірге АҚШ-тың ықпалымен мұнай шығаратын елдер ұйымы -ОПЕК мұнай көлемін өндіруді көбейтуге шешім қабылдады. Бұл Ресей мұнайына деген сұранысты азайтып, бағасын түсіреді.

Путиннің 20 шілдедегі журналист П. Зарубинге берген сұхбатында ресей мұнайын сатып алуға кедергі жасалатын болса, онда Ресей бәсекелес болу қабілетінен айрылады деп ашық айтты. Ал осыған дейін Петербург халықаралых экономикалық форумында Орталық Банктың төрағасы Э. Набиуллина «Ресейдің  дамуға қажетті ресурстары таусылды» деп батыл мәлімдеме жасады. Сондықтан The New York Times газеті жариялаған Ресей Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Д. Козак Путинге соғысты тоқтату жоспарын ұсынды деген ақпарат шындыққа жанасады.

Трамп Путинмен кездесуге неге асықты?

Трампты қанша «нарцисс», «артист» «өзін ғана ойлайтын» саясаткер дегенмен ол Европаны Путинмен жеке қалдыра қоймайды. Екінші дүние жүзілік соғыстан кейін Европа АҚШ қалқаны астында болды. Трамп бұл дәстүрді бұзды. Себебі АҚШ-тың алдағы уақыттағы негізгі мақсаты- Қытайды тежеу. Ал Ресейді тежеуді НАТО-ға мүше  Европаның беделді мемлекеттеріне тапсырайын деп отыр. Алайда Европа мемлекеттері ұзақ жылдар бойы қорғаныс саласына дұрыс көңіл бөлмей келген болса, енді 2025 жылдан бастап қаржыны екі-үш есеге көбейтіп отыр. Трамп НАТО-ға мүше елдерді қорғанысқа ішкі жалпы өнімнің 5 пайызын жұмсауға көндірді. Алайда Европа мемлекеттерінің басым бөлігі Украинаға қаржылай және әскери көмек бергеніне қарамастан Ресей әскерлері жазғы шабуылдың нәтижесінде баяу болса да алға жылжып келеді. Әсіресе жағдай Покровск маңында өте қиын болып тұр. 110 мыңдық ресей әскери тобы Украинаның әскери шебін бұзып, үлкен қауіп төндіріп отыр. Евроодақ басшылары осы жағдайдан қорқып отыр. Сонымен бірге Германияда Украинаға көмек көрсетуге қарсылар көбейе бастады, ал Венгрия мен Словакия болса, Евроодақтың қаржылай және әскери көмегіне кедергі келтіруде. Евроодақ басшыларының солқылдақ саясаты Украинаны қорғап қала алмайды. Сондықтан олар АҚШ-тан көмек сұрауға мәжбүр болып отыр. Мәскеу Европаға қауіп төндіріп отырғандықтан Трамп соғысты уақытша болса да тоқтатуға мүдделі. Себебі  Трамп «тек Америка үшін» саясатын жүргізіп отырғандықтан Украинаға ашық көмек беруден тартынып отыр. Оның жеке себебі де бар, бірінші президенттігі кезінде демократтар импичмент жариялаған кезде Украина мәселесін алға тартқан болатын, яғни Трамптың Зеленскийге өкпесі қара қазандай. Трамптың айналасында қазір Украинаны жақтаушылар мен оған қарсы топтар қалыптасып отыр. Қарсылар «Украина Европаның мәселесі, солар көмектессін» деп отыр. Евроодақ елдері АҚШ-тан қару сатып алып, Украинаға беріп отырғаны да сондықтан. Сонымен Трамп Путинді тоқтатуы керек. Тоқтатудың жолдары көп. Алайда Евроодақ пен Украинаның қорқып отырғаны Трамптың Путиннің «қақпанына» түсіп, оның талаптарын толық орындауға уәде беруі, яғни Донецк, Луганск, Запорож және  Херсон облыстарының территориясынан Украин әскерлерін шығару. Қазіргі кезде бұл облыстардың территориясын Ресей әскерлері жартылай басып алып отыр. 13 тамыз күні Германия канцлері Мерц ұйымдастырған Евроодақ басшылары мен Зеленский қатысқан Трампен бейнеконференцияда АҚШ ұсынып отырған территория алмасудың орнына атысты тоқтату және қазіргі соғыс шебі бойынша уақытша шекара қалыптастыру туралы келіссөз ұсынылып отыр. Аляскадағы кездесуге байланысты әлемдік беделді ақпарат құралдары және Евроодақ басшылары тарапынан Трампқа қысым күшеюде. АҚШ Конгресіндегі демократтар «Трамп Путинді жақтап отыр» деп шу көтеруде, ал 15 тамыз күні кездесу өтетін Анкоридж қаласында американдықтардың Путинге қарсы, Украинаны жақтаған ірі демонстрациясы жоспарлануда. АҚШ пен Европаның беделді басылымдары мен телеарналары «Трамп Путиннің қақпанына түсті» деп алдын ала шу көтеруде. Одақтастар және баспасөз арқылы жасалған қысымның нәтижесінде Трамп әкімшілігі енді   15 тамызда келіссөз емес кездесу өтеді деп жариялады.

 

Келіссөздің нәтижесі қандай болуы мүмкін?

  1. Путин халықаралық деңгейде өзін әлемдік саясаткер екендігін көрсетеді. Себебі онымен кездесуге дүниедегі ең алып державаның басшысы өзі келді. Бұл Ресейдің толық оқшаулау идеясының жүзеге аспағанын көрсетеді.
  2. Путиннің Трамп әкімшілігі арқылы Евроодақ пен Украинаны келіссөзге қатыстырмай қоюын Ресей насихатшылары «олардың өзін оқшаулау» деп көрсетуге тырысады.
  3. Путиннің Белоруссияға барған сапарында Лукашенко арқылы жариялаған «әуедегі келісім», яғни әуе шабуылдарын тоқтату туралы келісімге қол жеткізіп, оны «Трамптың жеңісі» деп жариялайды. Себебі Украина дрондары бір апта ішінде Ресейдің мұнай заводтарына, әскери өндіріске үлкен нұқсан келтірді.
  4. Соғысты 15 тамыздағы әскери қимылдар шебі бойынша уақытша тоқтатуға келісуі мүмкін
  5. Территориялар туралы келіссөздер соғыс қимылдары тоқтаған соң жалғасын табады деп жариялануы мүмкін
  6. Соғысты тоқтату Ресейге де, Украинаға да ауадай қажет. Себебі соғыс тоқтамаған жағдайда АҚШ-тың санкциялары мен әскери көмегі Ресейдің үш жылдық соғыстағы басып алған жерлерінен бір мезетте айрылып қалуы ғажап емес. Ал адами ресурстары әбден шектелген Украина үшін бұл соғысты тоқтату тәуелсіздігін сақтап қалудың басты жолы.
  7. Ресей жағы Трамптың ең осал жері – ақша табуға ұмтылысын ескере отырып, бірнеше бірлескен жобаларға қол жеткіздік деп жариялайды.
  8. Трампқа қарсы бұқаралық ақпарат құралдары оның ең басты осал жері -Ресей жағында оған қарсы маңызды әшкерелейтін материалдар бар деген тақырыпты кеңінен жариялайды. Бұл онсыз да «Эпштейн ісі» деп аталатын кәмелетке толмаған жас қыздарды жыныстық қатынасқа тартқан миллиардер, түрмеде дарға асылып қалған Эпштейнмен Трамп дос болды деген айыптауды АҚШ-та күшейте түседі.
spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР

Әзірбайжан және Өзбекстан: Үстірт аймағындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі Әзірбайжан мемлекеттік мұнай компаниясы (SOCAR) Өзбекстанның Үстірт аймағында көмірсутегі ресурстарын игеру бойынша...

АҚШ-Россия: Аляскада қандай мәселелер талқыланды?

Фото: Эндрю Харник/Getty Images Аляскадағы кездесуге әлем...

АҚШ:  Ирандағы ядролық объектілерге шабуыл  бір реттік шара

Фото HUM Images/Universal Images Group Жексенбіге қараған түні АҚШ-тың  125 ұшағының қолдауымен көрінбейтін жеті  В -2 ұшақтары Иранның Фордо, Натанзе...