Өзбекстанның «Podrobno.uz» сайтында өзбек саясаттанушысы, сарапшы Бахтиёр Ергашевтің Орталық Азия елдерінің рухани бірігуіне кедергі жасайтын мәселелерге арналған сұхбаты жарияланды. Сарапшы түркі тілдес бауырлас халықтардың рухани бірлігіне әсер ететін бірнеше факторларды атап өтті.
Бахтиёр Ергашев аймақтағы жас ұлттардың тарихи сахнаға шығуы олардың өз тарихын қайта қарау, жаңа тарихи концепция қалыптастыруы ұлы тарихи тұлғаларды иемденуден басталды деп есептейді. Сарапшы барлық түркі тілдес халықтарға ортақ тарихи тұлғаларды жас мемлекеттердің иемденуге ұмтылуы аймақтық достық пен серіктестікте түсінбеушілікке әкелетінін атап өтті. Ол мұндай мінез-құлық барлық посткеңестік республикаларға тән екендігін атап өтті. Себебі тарихи параллельдер арқылы өз маңыздылығын көрсетуге тырысатын шағын ұлттар осылай өздерін «көнелендіру» арқылы саяси бедел қалыптастыруға ұмтылады. Әрине жас мемлекеттерге тарихи идеалдар керек және соны негізге ала отырып жаңа ұлттық бірегейлік пен мемлекеттілікті қалыптастыруға ұмтылыс байқалады. Бірақ тарихты зорлауға болмайды және осындай идеялар ұзаққа бармайды деп есептейді сарапшы. Орталық Азия елдеріндегі тарихи зерттеулердің бұрын да тереңдігі, ауқымы төмендеу болатын, ал енді қазіргі жағдайда саяси сұранысқа сай тарихты бұрмалай беретін болсақ, онда бауырлас халықтардың рухани бірлігіне нұқсан келуі мүмкін.
Сарапшы тарихты бұрмалауда теориялық және тәжірибелік жағынан да үлкен нұқсан келтіретін мәселе — көшпелі мәдениет пен егіншілік мәдениетті қарама-қарсы қою деп есептейді. Осындай қарама-қарсы қою, яғни әр мәдениетке тән тарихи жетістіктерді әсіре дәріптеу аймақтық бірегейлік пен бірігудің үйлесімді дамуына ықпал етпейтіні белгілі. Себебі көшпелі немесе отырықшы өркениеттердің тарихқа қайсысы көбірек үлес қосқаны туралы пікірталас тек кедергі келтіретіні анық. Саясаттанушы Орталық Азияның бірегейлігі осы мәдениеттердің симбиозында жатыр және оларды қарама-қарсы қоюдың орнына, олардың бірлескен тәжірибесін зерттеп, көрсету керек, бұл тарих ғылымында жаңалық болуы мүмкін деген ұсыныс айтты. Осыған орай сарапшы, Орталық Азия елдерінің тарихшыларын бірігіп жұмыс істеуге шақырды