Трамп Украина мен Еуроодақты сатып кетті ме?
14 ақпан күні басталатын Мюнхендегі қауіпсіздік мәселелеріне арналған конференцияда Украинаға байланысты келіссөздердің негізгі контуры айқындалмақ. Алайда конференция басталмай жатып АҚШ-тың қорғаныс министрі Хегсеттің «2014 жылғы шекараны қалпына келтіруге мүмкіндік жоқ, Донбасс пен Қырым Ресейге өтеді» және «Украина НАТО-ға мүше бола алмайды» және «АҚШ Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік бермейді» деген мәлімдемесі Европаның беделді саясаткерлеріне 1938 жылғы Мюнхен келісімін еске салды. 1938 жылы Англия мен Франция Гитлер басып алған территорияларды қайтарта алмай, келісімге баруға мәжбүр болған еді. Бұл келісім Европаның әлсіздігін көрсеткен соң, Гитлер Екінші Дүние жүзілік соғысты бастауға мүмкіндік алды.
Уақытында Маркс данышпан «Тарих екі рет қайталанады, бірінші-трагедия түрінде, екіншісі -фарс», яғни күлкілі жағдайда деген болатын. Трамп келісімі фарс па әлде трагедия ма?
Осы жағдайға байланысты Би-Би-Си Европаның және АҚШ-тың саясаткерлерінің мынадай пікірлерін жариялады:
Швецияның бұрынғы премьер-министрі және халықаралық қатынастар жөніндегі Еуропалық кеңестің тең төрағасы Карл Билдт Трамп пен Хегсеттің мәлімдемелерін 1938 жылы Мюнхенде Гитлермен келіссөздер кезінде еуропалық көшбасшылардың әрекеттерімен салыстырды — және ол оны Трамптың пайдасына болмағаны белгілі.
Билдт «бұл, әрине, келіссөз жүргізудегі инновациялық тәсіл» деп кекесінмен жазды. Себебі олар келіссөзді бастамай тұрып өте үлкен жеңілдіктер жасауда. Тіпті Чемберлен де 1938 жылы осыншама беделін түсірген жоқ еді. Ал бұл Мюнхен жаман аяқталды», — деп жазды Билдт Х платформасында.
Трамптың ішкі саяси қарсыласы, демократ сенатор Адам Шифф президент пен қорғаныс министрін Украинаның да, АҚШ-тың да мүдделеріне опасыздық жасады деп айыптады.
«Әр нәрсені өз атауымен атайтын болсақ, онда бұл келіссөздер басталмай тұрып-ақ Украинаның мүдделері мен біздің мүддемізден сатып кету болып табылады. Трамп, әрине, Кремльге тарту жасайтын үлкен мәмілегер екені белгілі — деп Шифф твиттерде жазба қалдырды.
Ал «Немецкая волна» Германиядағы беделді басылымдардың Трамптың шешіміне байланысты реакциясын жариялады.
«Трамп Еуропаға шарттарды қабылдауға мәжбүрлеп отыр» деп немістің Die Zeit апталығы редакциялық мақаласын жариялады. «Трамп еуропалықтарға алдын ала шешілген мәселені ұсынып отыр» деп жазды Ульрих Ладурнер «Die Zeit» либералдық апталығының веб-сайтында жарияланған түсініктемесінде. Оның пікірінше, АҚШ президенті Ресеймен келіссөздер алдында-ақ Украина өз территориясының бір бөлігін Мәскеуге беруі керек деп шешкені анық және оны енді келіссөздер үстелінде отырмаған Еуропаға таңбақшы болып отыр».
Осыған орай Ладурнер «соғыстың басында еуропалықтар украиндықтардың басынан аттап өтіп, келіссөздер жүргізбейтінін айтқан болатын. Дегенмен, Трамп Украинаның белгілі бір территориясынан айрылуы қажет деп шешіп қойған сияқты. Ол украиндар мен еуропалықтарды шешіліп қойған мәселемен ғана таныстырып отыр. Сондықтан мынадай сұрақ туындайды: еуропалықтар — енді АҚШ-сыз — украиндықтардың басынан аттап өтпей мәселені шеше ала ма? Еркі жете ме? Күші жете ме? Мүмкіндігі бар ма?»-деп жазды
Трамп пен Путин телефон арқылы сөйлескен соң және Хегсеттің мәлімдемесінен кейін Германия, Франция, Польша, Великобритания, Испания, Италия және Еуроодақтың сыртқы істер қызметі және Еурокомиссия бірлескен мәлімдеме жасап, онда Украина мен Еуроодақ келіссөздерге қатысуы керек деп мәлімдеме жасады.
Financial Times келісім 20 сәуір күні (Пасха мейрамы) немесе 9 майда Сауд Аравиясында қол қойылады деген хабар таратты.
Ресей бүгін тойлап жатыр. Доллар 3 рубльге арзандады.
Міне осындай миллиондаған адам өмірін аяққа таптаған саяси ойындардан кейін Библиядағы «Құдайдың ойын да жолын да адамдар түсіне алмайды» деген қанатты сөзі еске түседі. Шынында да ойына келгенін істеп отырған «жарты құдайларды» да түсіну оңай емес. Ал қазақта «Күштінің арты диірмен тартады» деген мақалсымақ бар. Бірақ байқамай күштінің артына тығыла берген де, диірменге түсіп ұсақталып кетуі мүмкін.


