AP Photo / Evan Vucci
Дональд Трамптың сейсенбі күні басталатын ерекше рәсімдермен және триллион доллар инвестиция салу туралы уәделермен жалғасатын Эр-Рияд сапары күрделі геосаяси жағдайда өтуде деп хабарлайды Рейтер агенттігі.
Сапардың басты мақсаты, сарапшылардың пікірінше, Сауд Арабиясы мен Израиль арасындағы қарым-қатынастың қалыпқа келуіне ықпал ету, бірақ Газадағы қақтығыс осы ерекше жоспарға қол жеткізуге қауіп төндіруде.
Газа секторындағы зорлық-зомбылық күшейіп жатқан тұста АҚШ Израильге тез арада атысты тоқтату туралы үнсіз қысым жасауда, дейді дереккөздер. Бұл шарт, Вашингтонның пікірінше, Эр-Рияд пен Тель-Авивтің жақындасуы жөніндегі келіссөздерді қайта бастау үшін маңызды.
Трамптың бірінші мерзімі кезінде соның бастамасымен жүзеге асқан Авраам келісімдерін кеңейтуге мүмкіндік бар деп есептейді АҚШ президентінің Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Стив Виткофф. Дегенмен, дереккөздердің айтуынша, Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхудың тұрақты атысты тоқтату және Палестина мемлекетін құруды жоққа шығаратын ұстанымы бұл процесті әлдеқайда қиындатады.
Исламның қасиетті орындарын сақтаушы Сауд Арабиясы Израильді тануға қатысты ұстанымы қатаң қағидаға негізделген. Тіпті тақ мұрагер ханзада Мұхаммед бен Салман да қазіргі жағдайда мәселенің саяси қауіпті, ушығып кетуі мүмкін деп біледі. Газа қақтығысын шешпестен және Палестина мемлекеттілігінің жол картасынсыз қарым-қатынастарды қалыпқа келтіру халықтың наразылығын арттырып, радикалды топтардың позициясын күшейту қаупі бар. Нәтижесінде, Сауд Арабиясы мен Израиль арасындағы қарым-қатынастарды қалыпқа келтіру мәселесі Трамптың сапары қарсаңында экономикалық және басқа да қауіпсіздік мәселелерінен тиімді түрде бөлініп шықты дейді дереккөздер. Әрине сапар барысында басты назар экономикалық серіктестікке, соның ішінде ірі қару-жарақ мәмілелеріне, мега-жобаларға және жасанды интеллектті дамытуға аударылады.
Трамп тақ мұрагерінің бұрын жарияланған міндеттемелеріне сүйене отырып, американдық компанияларға триллион доллар инвестиция тартуды көздеп отыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл тәсіл «дипломатиялық миналарды айналып өтуге» және Трамптан Газадағы соғысқа қатысты жеңілдіктер алуға бағытталған.
Трамптың қайта сайланғаннан кейінгі алғашқы ресми сапары Сауд Арабиясынан басталуы Қытай күшейіп келе жатқан аймақтағы АҚШ-тың ықпалын қалпына келтіру әрекеті ретінде қарастырылады. Сауд Арабиясы мен Парсы шығанағы елдері, әсіресе Vision 2030 бағдарламасы аясында экономикалық қарым-қатынастарын әртараптандыруға және инвестиция тартуға ұмтылуда.
Тұтастай алғанда, Трамптың Эр-Риядқа сапары экономикалық мүдделер мен саяси шындықтар арасындағы күрделі теңгерімге негізделген жағдайда өтеді. Газа қақтығысы Сауд Арабиясы мен Израиль арасындағы қарым-қатынастарды қалыпқа келтіруге үлкен кедергіге айналған сияқты және оны шешу осы мақсатқа жетудің кілті болып табылады.