Сириядағы Асад режимінің құлауы Иран үшін күтпеген жағдай болды. Сарапшылар Сириядағы Асад билігінің құлауына Түркия мен Израиль өз үлестерін қосты деп есептейді. Ал енді Б. Асадтың билігіне қаржылай және әскери көмек беріп келген Иран ауыр соққы алды. Осыған орай Англияның « Гардиан» газеті Иранның болашақ дамуына байланысты мақала жариялады. Газеттің халықаралық шолушысы Саймон Тисдалл «Menaced by foreign foes, facing mutiny at home: how long before Iran goes nuclear?» деп атаған мақаласында Иранның алдында қиын таңдау тұрғанына мән береді.
Біріншіден, Сириядағы оппозицияның жеңісі Ирандағы наразы күштердің күшеюіне әсер етуі мүмкін. Алайда 1979 жылы шах билігі құлатылғаннан бері билікте болған қатаң теократиялық үкіметтің кенеттен күйреуі екіталай. Бірақ Сириядағы «тосын сыйлар» қайталануы әбден ықтимал. Сондықтан Асад кеткеннен кейін Иранның саяси ландшафтты қалай өзгертетіні туралы Тегерандағы қызу пікірталас жалғасуда. Жоғарғы Көшбасшы Аятолла Әли Хаменеи мен жоғарғы деңгейдегі молдалар елдің жолы туралы тағдырлы шешімдер қабылдауға мәжбүр болады.
Алайда бұл шешімдерді қабылдау оңай емес. Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледінің кері.
Иранның діни билігінің алдында тұрған бірінші мәселе – режим қаншалықты халықтың наразылығына төтеп бере алады. Биліктегі радикалдар діни талаптарды одан бетер қатаңдату арқылы билікті ұстап қалуға болады деп есептейді. Бірақ Иранның реформашыл президенті Масуд Пезешкян әйелдерге арналған хиджаб ережелерін қатайтатын жаңа «пәктік» заңына қарсы жаппай наразылықтардан қорыққаны сонша, ол өткен аптада Ұлттық қауіпсіздік кеңесін бұл жобаны тоқтатуға көндірді. Себебі 2022 жылы исламдық киім үлгісін бұзды деп айыпталған Махса Амини есімді жас әйелдің қамауда қайтыс болуы режимге қауіп төндірген бұқаралық наразылық тудырып, бұрын-соңды болмаған шерулерге ұласты.
Сонымен бірге Иран санкциялардың нәтижесінде көптеген қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр: экономикалық дағдарыс, жемқорлық, азық-түлік бағасының өсуі, жастардың жұмыссыздығы, адам құқықтарының бұзылуы және наразылықтар. Мұның бәрі Иранда жаңа революцияға әкелуі мүмкін.
Екіншіден, уақытында билікке келген имамдар режимі билікті сақтап қалудың негізгі жолы — аймақтық державаға айналу қажеттігін сылтаурата отырып, көршілермен жанжалды жағдайда өмір сүруді таңдаған болатын. Сондықтан ішкі репрессияны күшейтіп, Батысты елемей, АҚШ қолдайтын Израильдің ықтимал шабуылдары мен режимді өзгерту әрекеттерінің алдын алу үшін ядролық қаруды жылдам дамытуды стратегиялық мақсат ретінде таңдаған болатын.
Осыған байланысты Иранның алдында екінші таңдау тұр. Ол ядролық қарудан ресми түрде бас тартып, бейбіт даму жолын таңдау. Ол үшін беделді мемлекеттердің кепілдігі қажет. Бірақ уақытында ядролық қарудан бас тартқан Украинаның қазіргі жағдайы оларды алаңдататыны белгілі. Сонымен бірге кім кепілдік бере алады және олардың сөзі өтімді ме, ең бастысы қорғай ала ма? Осы жолды таңдамаған жағдайда Иран Солтүстік Кореяның жолын таңдауға мәжбүр болады. Ядролық қару бар, бірақ халықаралық қатынастардан оқшауланған, қуылған елге айналдырады.
Үшіншіден, аймақтық державаға айналу саясаты Иранның Израиль мен Таяу Шығыстағы сунниттік араб мемлекеттерімен қарым-қатынасын шиеленістіргені белгілі. Израильдің Хезболла мен ХАМАС-қа қарсы шаралары шиеленісті жағдай сақталған жағдайда Иранға бағытталатыны белгілі. Израильдің АҚШ-қа сүйенетіні және Трамптың Иранға қарсы соғыстың болуы мүмкін деп мәлімдеуі жағдайды одан ары ушықтыратыны сөзсіз. Сондықтан бұл идеядан бас тартқан жағдайда санкциялардың алынуы және газ бен мұнайдың арқасында Иранның жылдам дамуына әсер етуі мүмкін. Бірақ қолы аузына жеткен халық еркіндікті аңсайды, ал діни режим мен еркіндік ұғымы бір-біріне қарам-қарсы екені белгілі.
Иранның бұл шеңберден шығуы саяси биліктегі топтан үлкен ерікті талап етеді немесе халық наразылығы мен қарсыластардың шабуылы бүкіл жүйені өзгертуі мүмкін. Сирия соның көрінісі.
Иран тарихи таңдау алдында ма?


