Фото Би-би-си сайтынан алынды
Біз өткен жолы жариялаған мақаламызда Израиль-Иран соғысы ұзаққа созылмайды деп болжам жасаған едік. Қазіргі жағдайда соғыстың аяқталуы АҚШ-тың алып бомбасын кім және қашан қолданады деген мәселеге тіреліп тұр. Израиль шабуылының негізгі мақсаты — Ираннның ядролық бағдарламасын толық талқандау. Израиль премьер-министрінің діни билікті құлатуға шақырған үндеуін Иран халқы қолдай қойған жоқ. Сонымен бірге шет елдегі Иран оппозициясы да күшті емес. Сондықтан діни билікті ауыстыру мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ.
Израильдің өзі Иранмен ұзақ соғысқа дайын емес. Ал оның одақтастары да ұзақ соғысты қаламайды. Себебі Иранның Ормуз бұғазына теңіз миналарын қоятын болса, онда мұнай бағасына әсер етеді. Сонымен бірге Ираннан қашқан босқындар да көрші елдердің дамуына кері әсер етеді. Сондықтан соғысты жылдам аяқтауға барлық тараптар да мүдделі.
Қазіргі басты мәселе – Иранның Фордодағы ядролық орталығы. Бұл орталық Иранның ядролық бағдарламасында басты роль атқарады. Сондықтан қауіпсіздігін күшейту үшін орталықты тау аңғарында 60-80 метрлік тереңдікте орналастырған. Израильдің ядролық орталықтарға шабуылы көп жағдайда кіре берісі мен шығатын жолдарын талқандаумен аяқталып отыр. Тереңде, жер астында орналасқан орталықтарды талқандаудың бір-ақ жолы бар-ол АҚШ-тың Massive Ordnance Penetrator GBU-57A/B» деп аталатын арнайы алып бомбасы. Осындай алып бомбаның бірі –«бомбылардың анасы» деп аталған Massive Ordnance Air Blast (MOAB) Ауғанстанда Усама бен Ладен тығылған таудағы үңгірлерді жоюға қолданылған болатын. Оның салмағы 9800 кг. еді. Ал енді Израильдің үміт артып отырған бомбасының салмағы 13600 кг. және оны көтеріп, ұша алатын ұшақ АҚШ-тың B-2 Spirit деп аталатын көрінбейтін бомбылаушы ұшағы. Ұшақ 6000 мильге қосымша жанармай құймай ұша алады. Қосымша, әуеде жанармай құйған жағдайда 10 000 мильге ұшады. АҚШ-тың әуеде жанармай құятын ұшақтарды Таяу Шығысқа тартуының бір себебі осы.
фото ұшақты жасаған Northrop-Grumman компаниясының сайтынан алынды
Міне осы жағдайға байланысты Трамп қатты «толғатып» отыр. Израильге ұшақ пен бомбыны беруге болмайды, ал өздері қолданатын болса, онда АҚШ-тың соғысқа араласқаны болып есептеледі. Соғысқа араласу үшін Конгрестің рұқсаты керек. Конгрестегі депутаттардың басым бөлігі АҚШ-тың Иранға соғыс ашуына қарсы. Трамп тек «арнайы операция» деп атап, ядролық объектілерді бомбылауы мүмкін. Оны енді уақыт көрсетеді. «Уолл стрит жорнал» Тармп Иранға соққы беру жоспарын бекітті деп жариялады.
Иран басшылығы Трамптың капитуляция туралы талабын қабылдамады. Еуроодақ елдері араға түсуге дайын екендігін білдіруде. Жақын арада сыртқы істер министрлері Иранның сыртқы істер министрімен кездесуін жоспарлап отыр. Ал Путиннің бітімгерлік миссияға ұмтылысын Трамп қабылдамай қойды.
Сонымен соғыс алып бомбаларды қолданғаннан кейін аяқталады немесе Иран ядролық бағдарламасынан бас тартуы керек. 1980 жылы Иран Ирактың ядролық бағдарламасын дәл осындай жолмен, бомбылау арқылы жапқызған болатын.