HomeҚазақстан жаңалықтарыДүние өзгерді, біз...

Дүние өзгерді, біз неге өзгермейміз?

ХХІ ғасырда әлемдегі мемлекеттердің күш-қуаты тек табиғи байлықтар ғана емес, сонымен бірге ғылым мен технологияға негізделуде. Жасанды интеллект пен кванттық технологиялардың дамуы бұрын соңды болмаған секірістер дайындауда. Міне осындай заманда тек бақылаушы болып, қарап отыруға болмайды. Себебі жаңа технологиялар көптеген мемлекеттердің болашағына да әсер етеді. Қазақстанға ойлау жүйесі жаңартылған, жаңа технологияларды қоршаған ортамен байланыс құралы ретінде түсінетін жаңа ұрпақ қажет. Қазіргі кезеңде жаңа ұрпақты қалыптастыруға кедергі келтіретін мынадай қауіптер бар.
Бірінші қауіп. 2010 жылы АҚШ-тың әскери, саяси және экономикалық талдаумен айналысатын РЭНД корпорейшн талдау орталығы болашақта әлемдегі мемлекеттер үш топқа бөлінеді деп болжам жасады. Бірінші топқа жаңа технологияларды жасаушы мемлекеттер, екінші топқа -жаңа техологияларды көшіруге, игеруге бейімделген екінші деңгейдегі экономикалар. Үшінші топқа — тек технологияларды пайдаланушы мемлекеттер кіреді. Үшінші топтағы елдердің басты тәуекелі — бұл мемлекеттер біртіндеп артта қалатыны соншалық, болашақта жаңа технологияларды пайдалануға шамасы келмей қалады. Қазақстан қазірдің өзінде үшінші топтағы мемлекет. Қазіргі кезеңде әлемдегі жасанды интеллектінің 90-нан астам туындысының Қазақстанда 5-6 ғана қолданылуда.
Екінші қауіп — рухани өмірдегі дағдарыс. Ақпараттың көптігінен және оны өңдеудің қиындығынан қазіргі кезеңде «ақпараттық қорқыныш» үғымы пайда болды». Міне осы «қорқыныштың» бір көрінісі — Қазақстандағы діни ағымдардың күшеюі. Халықтың бір бөлігі заманауи мәселелердің шешімін таба алмағандықтан, орта ғасырлық ойлау жүйесіне бет бұрды. Сонымен бірге ақпаратты өңдеу және талдау, түсіндіруге байланысты мағыналық кеңістіктегі қарама-қайшылықтар пайда болды. Әрине қоғам мүшелерін бірдей ойланту мүмкін емес. Алайда коммуникациядағы негізгі ұғымдардың мағынасына байланысты қоғамдық келісім болмай, даму мүмкін емес. Ал енді қазақ қоғамындағы мағыналық кеңістіктегі қазіргі жағдай өте қарама-қайшылықты болып отыр.
Біріншіден, орыс және қазақ тіліндегі мағыналық кеңістік. Қазақстанда Ресейдің ақпараттық ықпалының күштілігіне және орыс ғылымының әлеуетіне байланысты мағыналық кеңістікте олардың көзқарасы басым. Бұл алдағы 15-20 жылға созылуы мүмкін. Саясат тілі негізінен орыс тіліне негізделген. Екінші, діни мағыналық кеңістік. Бұл кеңістік ислам діні бағыттарының өзара күресі мен саяси билікке ұмтылысына байланысты қалыптасып отыр. Үшінші, экономика тілі қазақ тілі емес. Нарықтық қатынастарға байланысты барлық жаңалықтар, концепциялар ағылшын тілінде болғандықтан, қазақ қоғамында сол идеяларды түсінетіндердің саны тым көп емес.
Үшінші қауіп – геосаяси жағдай. Әлемдегі геосаяси жағдайдың шиеленісуі жалғаса бермек. Қазақстанға ықпал етуге ұмтылу ақпараттық шабуылдар мен әр түрлі провокацияларға ұласуы мүмкін.
Жоғарыда айтылған қарама-қайшылықтар құндылықтар жүйесіне әсер етеді және әрбір мағыналық кеңістікті қалыптастыруға ұйытқы болып отырған күштердің мүдделері ұлттық алауыздыққа алып келеді
Енді осы шиеленісті мәселелерді шешуге қоғам болып жұмылмаса, елдің болашағы бұлыңғыр болуы мүмкін. Қоғам мүшелері биліктің мақсатын өз мақсатым деп түсінген жағдайда ғана азаматтық қоғам дамиды, белсенділік көрсетеді. Өкінішке орай, бізде қоғам мен мемлекет арасындағы байланыс нашарлап кетті. Оның бір көрінісі — діни қозғалыстардың күшеюі және тойлардың санының көбеюі. Себебі қарапайым халықтың өзін көрсете алатын, көңілін көтеретін басқа нәрсе қалмады. Ғалым — қоғамға керек емес, инженердің жұмыс орны жоқ, фермер — шегірткемен алысуда.
Ал енді тарихқа жүгінетін болсақ, жұмылдырудың негізгі түрлері мынадай: діни фанатизм, соғыс, экономикалық белсенділікті қолдау және білімді жетілдіру. Қазіргі жағдайда Қазақстан үшін жалғыз жол бар, ол білім жүйесін жаңарту. Білім жүйесінің жаңаруы -бұл ұлттың ойлау жүйесінің жаңаруы, жаңа толқынды дайындау.
Қазақстанда тәуелсіздік алғаннан кейін жүргізілген білім реформалары сол кезеңдегі міндеттерді жүзеге асыруға тырысты (білім мазмұнын отарсыздандыру, тарихи сана қалыптастыру және т.б). Алайда бұл шаралар білім мазмұнын толық өзгертуге бағытталған жоқ. Оны тұжырымдауға дайындық та, кадр да тапшы болды. Соңғы, 2016 жылы қабылданған Жаңартылған білім беру бағдарламасының теориялық негізі ретінде американдық зерттеуші Дж. Брунердің «спиралды оқыту» идеясын негізге алғанымен, жоғары деңгейде жүзеге асырылды деп айту қиын. Жалпы Қазақстанның білім жүйесіндегі үлкен кемшілік — дамыған елдердің тәжірибесі мен схемаларын түсінбей көшіру және сол жаңалықтарды жүзеге асыруға мұғалімдер мен оқытушылардың дайын болмауы.
Сондықтан дамыған елдердегі білім саласындағы өзгерістерді кешенді түрде талдап, оның даму эволюциясын түсіну керек. Осыған орай, жалпы Батыс дүниесіне әсер еткен АҚШ-тағы білім реформаларының негізгі бағыттарына тоқталып өтсек. Себебі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ бар салада жетекшілік роль атқарғаны белгілі. Соғыстан кейінгі бәскелестік барысында Кеңестер Одағының ғарышқа жер серігін ұшыруына байланысты бәскелестіктің күшеюі қазіргі Батыс білім жүйесіне негіз болған ғылыми төңкерістерге ұласты. Кеңестер Одағынан қалмау үшін АҚШ-та білім мен ғылымды ұйымдастыруға байланысты күрделі шаралар жүзеге асырылды. Соның ең бастысы — ғылыми парадигма өзгерді. Осы кезеңге дейін басым болып келген адамның мінез-құлқына әсер ету арқылы басқарудың орнына (бихевиоризм) когнитивизм мен конструктивизм келді. Енді күн тәртібіне адамның іс-әрекетіне оның ойлау жүйесі әсер етеді деген қағида қалыптасты және ойлау бірлігі ретінде «концепт» ұғымы қабылданды. «Концепт» ұғымнан бөлек және ол адамның ой қорытуының нәтижесі. Концепт оқытудың және тәжірибенің нәтижесі. Оның мынадай сипаттары бар: анықтамасы, құрылымы, психологиялық мағынасы және пайдалылығы. Мысалы, ағылшын, орыс және қазақ тіліндегі базалық концептілерге байланысты жүргізілген ассоциативті эксперименттің нәтижесінде «білім» ұғымын қазақ жастары университет, диплом деп қабылдаса, ағылшын жастары — ақпарат, ақылдылық, Ресей жастары – күш деп түсінеді. Ал «уақыт» үғымын қазақ жастары «демалыс» деп қабылдаса, ағылшын және ресей жастары — ақша деп түсінеді. Ең қызығы, «жастық шақ» ұғымын қазақ жастары «қыдыру» деп түсінеді. Түсінуге байланысты ой қалыптасады, ал ойдың іс-әрекетке әсер ететіні белгілі. Сонымен «концепт» деп ұғымның қоғамда қабылданған тиімді мағынасын айтамыз және білім беруде сол концептілерді түсіндіруге күш жұмсалады. Концептілер мидағы ақпараттың нығыздалуына және оның күшін үнемдеуге арналған.
ХХ ғасырдың 60-ші жылдары концептуалды оқыту мәселесін зерттеу АҚШ-та бірнеше ірі ғылыми-зерттеу орталықтарда қатар жүргізілді. Д. Брунер Гарвард университетінде, Клаусмайердің ғылыми-зерттеу тобы Висконсин университетінде 25 жылға жуық жұмыс істесе, Нью Иорктағы қалалық университетте Дэвид Асубель, Корнелл университетінде Д. Новак, Вашингтон университетінде Хант концептуалды оқыту мәселелерімен айналысты.
ХХ ғасырдың 60 ші жылдарынан бастап мағынаны зерттеу екі бағытта дами бастады. Бірі, мағынаны компьютерлік есептеу арқылы анықтау машинамен оқыту үдерісін бастады. Бұл бағыт жасанды интеллектінің дамуына серпін берді. Екіншісі, когнитивизм бағытындағы психолог, тілші, философтардың зерттеулері.
Ғылыми білімді мектеп бағдарламасына енгізу екі кезеңнен тұрады. Біріншісі, концептуалды оқу бағдарламасын жасау, ал екіншісі, оқушыларды кезең кезеңімен ғылыми концепциялармен тереңдетіп таныстыру. 60-70 жылдары концептуалды оқыту теориясының қалыптасуы мынадай жаңа ғылыми бағыттарды қалыптастырды: концептуалды оқу бағдарламасы, концептуалды карта жасау, концептуалды түсіну, концептуалды модельдеу, концептуалды дизайндау және т.б. Ал 80-90 жылдары концептуалды оқыту жаңа оқыту технологияларының қалыптасуына негіз болды. Мысалы, ситуациялық, проблемалық, STEM, модельдеу, жобалау және т.б.
Ағылшын тілді мемлекеттерде 60-шы жылдардан бері үш секіріс жүзеге асырылды. Бірінші, концептуалды оқытудың негізі жасалды. Екінші, концептуалды оқыту негізінде жаңа ғылыми бағыттар мен жаңа технологиялар пайда болды. Үшінші, НБИК (нано-био-инфо-когнитивті технологиялар) конвергенция. Бірінші кезеңде қолданыстағы сөздердің парадигмалық мағыналары анықталып, жаңа мағына жасаушылықтың (концепциялардың) ғылыми негізі жасалды. Екінші кезеңде білімнің құрылымы концепцияаралық зерттеулердің нәтижесінде қалыптасқан мағыналармен толықты. Үшінші кезеңде сала аралық концепциялар наноқұрылымдар негізінде жасалып, олардың нәтижелері биология мен когнитивтік ғылымдарға әсер етті.
Ал Кеңестер Одағы, кейіннен Қазақстан да осы үш даму деңгейін де бастан өткізбеді. Себебі ХХ ғасырдың 60-70-ші жылдары Кеңестер Одағы АҚШ пен Батыстың ғылым мен білім саласындағы жетістіктерін мойындамады және байланыс та нашар болды. Сондықтан да Кеңестер Одағының ыдырауының да бір себебі – қоғамдық санадағы тұрақсыздық пен технологиялық артта қалуы болса, оған білім жүйесі әсер етті.
Қазіргі кезеңде Қазақстанда концептуалды оқытудың тек элементтері ғана бар. Сондықтан да жоғарыда аталған бағыттар бойынша мамандар аз. Соның нәтижесінде ойлау операцияларын зерттеу, ғылыми концепцияларды орта мектепке енгізу, тиімді оқыту дизайнын жасау жолға қойылмай отыр. Оның басты себебі -дамыған елдердегі ғылыми ақпараттың Қазақстанда таралуындағы субъективті кедергілер.
Ал енді білім саласындағы реформа жасау мәселесіне келетін болсақ, онда халықаралық тәжірибеге сай кем дегенде үш жылдық дайындықпен бастау керек. Сонымен бірге қазіргі жағдайға толық талдау жасалуы қажет. Ең бастысы, мәселені айтудан қорықпау. Мысалы, АҚШ-та 1983 жылы «Америкаға қауіп төнуде» деген ұранмен реформа жүргізілді.
Реформаға дайындық және оны жүзеге асыру қаржы талап ететіні белгілі. Қазіргі жағдайда қаржы жоқ деген сылтау да айтылуы мүмкін. Алайда ғылым саласына бөлінген қаржы күрделі реформа жасауға жеткілікті.
Ал енді қандай тәжірибені зерттеу және енгізу керек деген сұрақ туады. Қазір финн білім жүйесін енгізуді талқылап жүргендер бар. Алайда біздің менталитет финн жүйесін қабылдамайды. Ең тиімдісі, жоспарлы, кезең-кезеңімен жүзеге асатын Дэвид Асубель мен оның ізбасары Д. Новак тұжырымдаған «мағыналы оқыту» (Meaningful Learning) технологиясы. Бұл оқыту технологиясында мұғалім ерекше роль атқарады және Д.Новактың mind map – интеллект картасы арқылы жүзеге асады. Сонымен бірге Брунер мен Клуасмайердің зерттеулерін де теориялық және методологиялық жағынан тиімді пайдалануға болады. Оқу бағдарламасы Батыс теориясын және қазақтың мәдени дәстүрін негізге алып жасалатын болса, қазақ қоғамында үлкен интеллектуалық секіріс жүзеге асады. Сонымен бірге АҚШ-тың Мичиган штатында 1999-2004 жылдары жүзеге асырылған «мағыналы оқытуды» жаңа технологиялармен байланыстыра пайдалану тәжірибесін зерттеу де реформаға негіз болар еді. Жаңа технологиялар оқушылардың жеке оқытуға және білімін бағалауға мүмкіндік беріп отыр. Мысалы, АҚШ-тың мектептерінде мұғалімге көмекші ретінде 80-нен астам компьютерлік қосымшалар пайдаланылады. Бұл да ескеруді қажет ететін фактор.
Уақытында фантаст жазушы Герберт Уэллс «Адамзат тарихы білім мен апаттың жарысына айналды» деп жазған еді. Білім сапасы төмендесе апатты күте бер дегені ғой. Әлемдік білім жарысынан қалып қоюға болмайды, бірден өркениеттің өгей баласына айналасың. Сондықтан да қазақтың маңдайына әлемнің алдыңғы тобында болу жазбаса да, артта қалуға болмайды. Жаңа, бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеу және қалыптастыру қазіргі ұрпақтың міндеті. Болашақ бүгіннен басталады.
Ш. Әмірбеков саяси ғылымдарының докторы

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР

Израиль-Иран соғысы қашан аяқталады?

Фото Би-би-си сайтынан алынды Біз өткен жолы жариялаған мақаламызда Израиль-Иран соғысы ұзаққа созылмайды деп болжам жасаған едік. Қазіргі жағдайда  соғыстың...

Израиль -Иран қақтығысы: соңғы жаңалықтар

Иран зымырандары талқандаған Израиль тұрғын үйі Натаньяху Иранның ядролық қару жасау бағдарламасын біраз жылдарға артқа шегердік, ендігі мақсат баллистикалық...

Израиль- Иран :Таңғы жаңалықтар

фото Reuters Израиль премьер-министрі Натаньяху Иран азаматтарын билікке қарсы шығуға шақырды 1979 жылы төңкерістің нәтижесінде биліктен кеткен шах Пехлевидің...