Фото: BeckerBredel/picture alliance
«Немецкая волна» хабарлайды.
Германияның Ішкі істер министрлігі мерзімінен бұрын, 23 ақпанда өткізілетін Бундестаг сайлауы қарсаңында Ресей жүргізген жалған ақпарат тарату науқанын қадағалап отырғанын хабарлады. Министрлік өкілі Максимилиан Каль бұл жалған ақпараттар сайлауға әдейі әсер ету үшін ұйымдастырылған деген күдік бар дейді.
Жалған ақпараттың мысалы ретінде ол Лейпциг пен Гамбургте таратылған екі жалған бейнені атады. Бейнежазбаларда пошта арқылы дауыс беру нәтижелері әсіре оңшыл «Германия үшін балама» (AfD) партиясына қарсы бұрмаланып жатқаны айтылған. Бір бейнеде AfD жазылмаған жалған бюллетеньдер көрсетілсе, ал екіншісінде Гамбургтен AfD үшін дауыс берілген бюллетеньдер жойылып жатқаны көрсетілген. Жергілікті сайлау органдары бейнежазбаларда жалған ақпарат бар екенін растады.
Неміс құқық қорғау органдары жалған бейнероликтердің таралуын ресейлік арнайы қызметтермен байланысы бар ресейлік «Storm-1516» үгіт-насихат тобымен байланыстырады. Германияның ішкі істер министрлігі бұл топтың бұған дейін әлеуметтік желілердегі анонимді аккаунттары мен түрлі сайттар арқылы ресейшіл ақпарат таратқанын, бұл құқық қорғау органдарының назарын аударып үлгергенін хабарлады.
Microsoft сарапшылары Storm-1516-ны 2024 жылғы АҚШ президенттік сайлауына араласу контекстінде де атап өтті. Бұл топ Демократиялық партия туралы жалған жаңалықтар жариялады және сарапшылар оның штаб-пәтері Санкт-Петербургте орналасқан, ал кейбір қызметкерлер Пригожиннің «тролль фабрикасымен» байланысы бар деп болжайды.
М.Каль бұл операциялардың мақсаты демократияға және сайлау процесінің тұтастығына деген сенімге нұқсан келтіру болып табылады деп есептейді. Дегенмен, жалған ақпарат тарату науқаны қазір кең таралмаған және билік болашақта осындай оқиғалардың алдын алу үшін жұмыс істеп жатыр.


