ҚР үкіметінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиынға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — ҚР Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, сондай-ақ Әзірбайжан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан және Венгрия делегациялары қатысты.
Кездесудің негізгі тақырыбы бұдан әрі ынтымақтастықты нығайту және ұйымға мүше мемлекеттердің экономикалық дамуы мәселелері болды.
Вице-премьер Қазақстан түркі интеграциясын дамытуға ерекше мән беретінін және бауырлас мемлекеттердің бастамалары мен сындарлы ұсыныстарын әрқашан құптайтынын атап өтті.
Н. Байбазаров өзінің баяндамасында «Түркі мемлекеттері ұйымы» аясында құрылған Түркі инвестициялық қоры экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, елдеріміздің қарқынды өсуі мен өркендеуі үшін капиталды, технология мен талантты тартуға деген ортақ ұмтылысты айғақтайды», — деп атап өтті.
Ұйымға мүше елдердің министрлері Қазақстанның Жасыл қаржыландыру жөніндегі кеңесті, сондай-ақ ұйымға мүше мемлекеттердің Орталық (Ұлттық) банктер кеңесін құру жөніндегі бастамаларын қолдады.
Экономика және сауда министрлерінің келесі кездесуі Түркістанда өтеді, онда «ТҰРАН» арнайы экономикалық аймағының ашылу салтанаты жоспарланған, бұл ұйымның барлық елдері қолдаған Қазақстанның тағы бір бастамасы.
Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі 2009 жылы 3 қазанда құрылған. 2021 жылы Кеңес Түркі мемлекеттерінің ұйымы болып өзгертілді.
Бішкекте Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің экономика және сауда министрлерінің 13-ші отырысы өтті.
