Фото Иса Таженбаев, Ерлан Джумаев, Экспедиция +362 / Tengrinews.kz
Әзербайжан әуе компаниясы (AZAL) ұшағының 25 желтоқсан күні Қазақстан территориясында апатқа ұшыруы — бастапқыда Ресей мен Қазақстанның ресми адамдарының арнайы мәлімдемелерінде «техникалық ақауларға» байланысты деп жарияланғаны белгілі. Апаттан аман қалған жолаушылар ұшақтың Шешенстан территориясында әуе қорғаныс күштері атқылағаны туралы хабары жағдайды күр өзгертті. Сонымен бірге Грозныйға қона алмаған ұшақты жақын арадағы қалаларға қонуға мүмкіндік бермей, Қазақстанға бағыттағаны белгілі болды. Ресей әуе күштері арнайы құралдармен зақымданған ұшақтың байланысын өшіріп тастағаны, соған қарамастан ұшақ әрең дегенде Қазақстан территориясына зорға жетіп, құлағаны анықталды.
Осы оқиғадан кейін Әзербайжан президенті И.Алиев Ресейден кешірім сұрауды және айыптыларды жауапқа тартуды, қайтыс болғандардың отбасына материалдық көмек беруді талап еткен мәлімдеме жасады. Путин кешірім сұрағанымен, айыптылар анықталмады, айыппұл төленбеді. И. Алиев өзінің мәлімдемесінде апатты жағдайға ұшыраған ұшақты арнайы теңізге батыруға тырысқан ресейліктерді айыптады.
Міне осы апатқа байланысты кереғар пікірлер мен шешімдерге байланысты екі жақтан да ақпараттық шабуыл басталып кетті. Азербайжанның мемлекеттік телеарналары Ресейге 1990 жылы Баку халқын танкімен таптағанын, 1992 жылы Ходжалы қырғыны кезінде «көзін жұмғаны», ал 2020-2024 жылдары ресейлік «бітімгершілік күштердің« сатқындығы туралы хабарлар жарияланды.
Әзербайжан үкіметі Ресейден өз айыбын мойындауды талап етуде, ал ресми ақпарат құралдары халықаралық сотқа жүгіну қажеттігін талқылай бастады. Әзербайжанның JAMnews ақпараттық сайтында жарияланған мақалада «Бакудегі «Орыс үйінің» жабылуы және Baku TV телеарнасында осы мекеменің ресейлік шпиондар ұясы деп репортаж ұйымдастырылуы отқа майды құя түсті деп есептейді. Осыған байланысты азербайжан басылымдарында шпиондық қызметі үшін сотталған екі азаматтың аты-жөні аталуда: Светличный мен 13 жылға сотталған, саясаттанушы Н. Мамедова.
Ресей сыртқы істер министрлігі «Орыс үйінің» жабылуы туралы хабар алғаннан кейін Әзербайжанның осы елдегі елшісін шақырып, өздерінің наразылығын білдірді. Сонан соң, әдеттегідей, Ресей Мемлекеттік Думасының депутаттары өз ұсыныстарын мәлімдей бастады. Белгілі спорт шебері, депутат Валуев Ресейдегі азербайжан диаспорасы ұйымдарын жабуды, оларды тексеруді және соғысқа жіберуді талап етті. Сонымен басылымдарда Валуевтың Орталық Азия мен Кавказдан келіп, Ресейде жұмыс істеп жүргендерді «шобло-бобло» деп атауы үлкен наразылық тудырды.
Ал белгілі ресейлік насихатшы Скабееваның күйеуі, депутат Попов ресейдегі екі азербайжан компаниясы қатысып отырған жобаларды тоқтатуды ұсынды.
Осы шу шеңберінде Ресей президентінің баспасөз қызметі осы апатқа байланысты ешқандай мәлімдеме жасалмайтыны туралы хабар таратты. Бұл Кремль тарапынан бұл мәселеге нүкте қойылғанын көрсетеді.
2010 жылғы санақ бойынша 603 мың азербайжан Ресей азаматы болып тіркелген. Сонымен бірге жылына 400-500 мың азербайжан жыл сайын жұмысқа барып жүр. Ал енді ресейлік азербайжандардың арасында Ресей бизнес элитасының құрамына кіретін миллиардер Вагит Алекперов, 2023 жылғы мәлімет бойынша 24 млрд (Лукойл), Араз Агалоров (1,7 миллиард, Крокус), 1,6 миллиард қаржысы Фархад Ахмедов сияқты ірі кәсіпкерлер де бар.
Бүгін, яғни 13 ақпан күні, «Россия сегодня» халықаралық ақпараттық агенттігінің «Спутник -Азербайжан» филиалы әзербайжан тарапы шет елдік агенттіктердің журналистер саны мен сол елдерде жұмыс жасап жатқан әзірбайжан агенттіктеріндегі журналистер санын теңестіруді талап етіп отырғанын мәлімдеді. Осындай талаптың нәтижесінде «Спутниктен» бір журналист қысқарады. Айтыс жалғасуда. Әзербайжанның мінез көрсетуі, еркіндігі, кейбір елдер сияқты Ресей шырмауына түспегендігіне байланысты болып отыр. Сонымен бірге сенетін Түркия бар.