2023 жылы Рим Папасы Франциск Швейцарияның қоғамдық телеарнасына берген сұхбатында «Үшінші дүние жүзілік соғыс басталды» деп жариялаған болатын. Ол Ресейдің Украинаға басып кіруі бастапқыда шектелген әскери операция деп қабылданғанымен, біртіндеп жанжалға тартылған елдердің санымен шынында да дүние жүзін қамтыған соғысқа айналды деп есептейді. Алайда бұл тек бастамасы ғана еді. Қазіргі кезеңде болашақ әлемдік жанжалға қатысушылардың құрамы мен олардың жақтастары да белгілі бола бастады. АҚШ пен Евроодақ бастаған демократиялық елдердің блогына қарсы Ресей, Иран, Солтүстік Корея сияқты авторитарлық және тоталитарлық елдердің тобы қалыптаса бастады. Бұл топтың демеушісі экономикалық жағынан нығайған, саяси ықпалы күшейген Қытай болып тұр. Егер Иран мен Солтүстік Корея ашық түрде Ресейге қару-жарақпен көмектесіп жатса, ал шет елдік барлау қызметтері мен баспасөз Қытайды жасырын қолдап отыр деп айыптауда.
Қазіргі кезеңде Үшінші дүние жүзілік соғыстың басталуына әсер ететін үш «ыстық» нүкте қалыптасты. Біріншісі- Ресей-Украина соғысы, екіншісі-Израиль-Иран жанжалы, үшіншісі -Қытай-Тайвань мәселесі.
Ресей-Украина соғысындағы ең қауіпті мәселе — тактикалық ядролық қарудың қолданылу мүмкіндігі. Себебі Ресейдің жанжал басталғаннан кейін қабылданған ұлттық қауіпсіздік концепциясында ядролық қаруды қолдану жағдайлары жеңілдетілген. Соғыстың бастапқы кезеңінде Ресей басшыларының ядролық қаруымен қорқытуы жиілеп кеткендіктен Германия канцлері Шольц Қытай басшысына көршісінің қоқан-лоққысын тоқтатуы туралы ескертуді сұраған болатын. Сонымен бірге Украинада тактикалық ядролық қару қолданылған жағдайда Батыс елдері бар мүмкіндікті пайдаланып Ресейге шабуыл жасайтынын да ескерткен болатын. Ал Франция президенті Макрон ресей әскерлері Одесса мен Киевті алуға ұмтылатын болса әскер кіргізетінін мәлімдеп, ол да «қызыл сызықты» белгілеп қойған болатын. Бірақ соғыс барысындағы «қызыл сызықтардан» өтіп кетуден ешкім сақтандыра алмайды.
Иран-Израиль жанжалы да ашық соғысқа ұласуы мүмкін. Әзірге жанжалды ушықтырмауға екі жақ та мүдделі. Бұл жанжалдың аймақтық соғысқа айналып кетпеуіне бақылаушы болып отырған АҚШ-тың өзі Израильдің Сириядағы иран генералдарын зымыранмен жоюын кеш білдік деп ашуланып отыр. Генералдар үшін кек аламыз деген Иранның 13-нен 14 сәуірге қараған түні 300-ден аса зымыран, ұшқышсыз ұшақтар арқылы Израильге шабуыл жасауы «алдын ала» ескерту арқылы жүзеге асқанымен, екі елдің басшылары халық алдында беделін түсірмес үшін қолданып отырған «қатаң жауап беру» тактикасы ашық соғысқа алып келуі мүмкін. Өз кезегінде Израиль де осы соққыға Исфахан жанындағы әскери базаны атқылаумен жауап берді. Осындай жағдай 1 қазанда тағы да қайталанды. «Хамас» бен «Хезбалла» әскери ұйымдарының басшыларының өліміне жауап ретінде ұйымдастырылған Иран шабуылынан кейін, қазір Израильдің жауап беру кезегі келіп отыр. АҚШ-тың қысымының нәтижесінде Израиль жақында тек әскери объектілерді атқылайтынын алдын ала мәлімдеді. Алайда екі жақтың «ушықтырмай қорқыту» саясаты соғысқа ұласып кетуінен ешкім сақтандыра алмайтыны белгілі. Ал соғыс бола қалған жағдайда қатысушылар мен қолдаушылардың құрамы да бүкіл дүниені қамтиды.
Үшінші «ыстық нүкте» Қытай мен Тайвань текетіресі. «Бір Қытай» идеясын жүзеге асыруға күш салып отырған Қытай басшылығы мойындалмаған Тайваньды күшпен қосып алуы мүмкін. Тайвань қазіргі кезеңде микрочиптер шығаратын әлемдік орталықтардың бірі. Қытайдың аймақтағы және әлемдегі саяси салмағының өсуінен қауіптенген АҚШ 2021 жылы Австралия және Ұлыбританиямен AUKUS (Australia, United Kingdom, United States) әскери альянсын құрды. 2024 жылы сәуір айында Жапония осы әскери одақтың әріптесі болатынын мәлімдеді. Жапония мен АҚШ-тың әскери байланысына жаңа серпін берілді. Сонымен бірге АҚШ Тайванды қаруландыруын тоқтатқан жоқ. Оңтүстік Шығыс Азиядағы елдердің көпшілігі Қытай Тайван мәселесін әскери жолмен шешкен жағдайда, оның көршілес елдермен «даулы территорияларды» осындай жолмен шешуі мүмкін деп қауіптеніп, АҚШ-пен байланысын жақсартуда. АҚШ генералдары Қытай Тайванға 2029 жылы шабуыл жасау мүмкін деп мәлімдеп отыр.
Көріп отырғанымыздай, қазіргі кезеңде осы «ыстық нүктелердегі» жағдайдың шиеленісіп, бақылаудан шығып кетуі қаупі күшейіп келеді. Әрине, қай жерде, қай уақытта жағдай бақылаудан шығып кетуі мүмкін екендігін зерттеу институттары болжап отырғанымен, адам факторын ешкім жоққа шығара алмайды.
Әлемді үшінші дүние жүзілік соғыстың елесі кезіп жүр
