2025 жыл Украина үшін тарихи жыл болатын сияқты. Бұл тарих сахнасынан тәуелсіз Украина деп аталатын елді жоймақшы болған Ресей жоспары орындалмаған жыл болады. Үш жылдық соғыста Украина халқы ерлігімен, жанкешті күресімен өз тәуелсіздігін сақтап қалды. Енді екі жақ келіссөз жүргізуге дайындалуда. Келіссөз күрделі және қиын жағдайда өтетіні белгілі. Екі жақ та бір-бірін әлсіретуге, көбірек территорияны басып алуға ұмтылып отыр.
Бұл келіссөздің бастамашысы — АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Д. Трамп. Билікке келгеннен кейін «бір күнде тоқтатамын» деген уәдесін орындау қиын болғандықтан, ол енді 100 күн немесе алты айдың ішінде екі жақ келісімге келуі қажет деп отыр.
Екі жақ та соғысты жалғастыруда: Ресей шабуылдап, жаңа территорияларды басып алуға тырысуда және электр және жылу станцияларын талқандауда, ал Украина ресейдің мұнай заводтарын ұшқышсыз ұшатын аппараттарымен жарып жіберуде.
Келіссөзге екі жақ та қарсы емес. Себебі үш жылдық соғыста екі жақтан миллионға жуық адам қайтыс болды немесе жаралы болып, қатардан шықты. Сонымен бірге экономикалық жағынан да екі елге үлкен нұқсан келді. Украинаның заводтары мен жылу және станциялары, әсіресе өнеркәсіпті аймақтары үлкен зардап шекті, ал Ресей санкциялардың әсерінен мұнай мен газын сата алмай отыр. Европадағы 300 миллиардтан астам қаржысы бұғатталды және мұнай өңдеу заводтарына, Қара теңіздегі әскери теңіз флотына ауыр соққы берілді.
Сонымен бірге Украинаға көмекті тоқтату керек деп жар салған Илон Маск пен оның айналасындағылар онсыз да қиын жағдайды шиеленістірсе, екінші жағынан «Путин ақылды адам, бірақ келіссөзге бармаса, санкцияларды күшейтуге мәжбүрмін» деп Трамп отыр. Міне осындай жағдайда бір жағы үлкен үмітпен, екінші жағынан үлкен қауіппен соғысушы жақтар Д. Трамптың бастамасына тәуелді болып отыр.
Д. Трамптың тобы мәселені шешудің мынадай бірнеше жобасын ұсынып отыр.
Бірінші, соғыстың қазіргі жағдайын есепке ала отырып, яғни Ресейдің басып алған жерлерін қоса, келісім жасау. Бұл Украина территориясының бестен бір бөлігі Ресейге өтеді деген сөз. Бұл жоба ықпалды американдық «Foreign Affairs» журналында жарияланды.
Екінші жоба, ресейлік тарихшы, «шет елдік агент» болып жарияланған, саяси ғылымдарының докторы В. Соловейдің танымал журналист Е. Киселевке берген сұхбатында жарияланды. В. Соловейдің айтуынша, Трамп желтоқсан айында Мәскеуге келіссөздің нобайы көрсетілген құжат жіберген. Бұл құжатта 2022 жылдың 24 ақпанына дейінгі шекараны есепке алып, келісімге келу жоспарланған, сонда Ресейге Луганск облысы толығымен, Донбасстың бір бөлігі және Қырым қалады. Қазіргі жаулап алынған Запорож және Херсон облыстарының бір бөлігі Украинаға қайтарылады және Ресей Қырымға Украина арқылы өтуге кепілдік алады.
Ең бастысы, Украина НАТО-ға қабылданбайды, бірақ Евроодаққа 2030 жылға дейін мүше болады.
Екінші жоба, рас болса, бұл Евроодаққа мүше елдерге біршама тиімді ұсыныс. Себебі Ресейдің айтқаны болса, ол жеңген болып есептеледі де келесі кезек Прибалтика немесе басқа да көрші елдер болуы мүмкін. Осындай жағдайда Европаның қауіпсіздік мәселесі өзекті бола бастады. НАТО-ға мүше елдер қорғанысқа бөлінетін қаржыны Трамп талап еткендей барлығы ішкі жалпы өнімнің 2 пайызына жеткізген жоқ, бірақ көптеген елдер 5 пайызға жеткізуге ұмтылуда. Бұл Ресей тарапынан төнген қауіпті нақты түсіну.
Ал енді Ресейдің талабына келетін болсақ, ол уақытында Путиннің өзі мәлімдеген жоба. Бұл жоба бойынша қазіргі басып алынған жердің бәрі Ресей қоластына өтеді, Украина қайта басып алған ДНР, ЛНР, Херсон және Запрож облыстарынан әскерін шығаруы керек, Украина НАТО-ға мүше болмайды, барлық санкциялар алынуы керек және қауіпсіздікке кепілдік берілуі қажет.
Украина жағы да қолынан келгенінше өз мүддесін қорғауға тырысып отыр. Зеленский Украина басып алынған жерлерді бере отырып, НАТО-ға мүше болуы керек деп ұсыныс жасауда. Ол тек сонда ғана Украина Ресей қысымынан құтылады деп есептейді. Алайда АҚШ, Германия және НАТО-ға мүше елдердің бір бөлігі бұл ұсынысқа қарсы. Себебі ешкім Украина үшін Ресеймен соғысқысы жоқ. Осындай қиындықтарға қарамастан Украина өзіне АҚШ, Қытай Англия, Франция сияқты ядролық қаруы бар елдерден өз қауіпсіздігіне кепілдік сұрап отыр. Бірақ ол ядролық қаруды Ресейге өткізген кезде жасалған Будапешт келісімі сияқты бос сөз емес, нақты шараларды қамтуы керек. Сонымен бірге Украина келісім жасалған жағдайда шекара бойына НАТО-ның бітімгершілік әскерлерінің орналасқаны дұрыс деп есептейді. Бірақ бұл ұсынысқа Ресей қарсы.
Сонымен мәселе пісіп, жетілді. Келіссөзге баруға екі жақ та мәжбүр болып отыр. Бірақ Ресей жағы талабын күшейтіп, Украинаны біршама тұқыртуға ұмтылатыны сөзсіз. Егер келіссөз нәтижесіз болған жағдайда Украинаға көмек күшейеді. Бірақ украиндарда адам күші шектеулі болып отыр. АҚШ-тың жаңа мемлекеттік хатшысы Марко Рубио сенаттың халықаралық комитетінде сөйлеген сөзінде «мәселе Украинаның ақшасының таусылғанында емес, оларда соғысатын адам жетіспей жатыр» деген еді.
Ал енді Ресей әскері Украина территориясын жаулап алуы жылдамдап, Одесса мен Киевке қауіп төнетін болса, Франция президенті Макронның әскер кіргізу туралы уәдесі орындала ма жоқ па оны уақыт көрсетеді.
Кешелі бері интернетте және әлеуметтік желіде жарияланған «Трамптың 100 күндік жоспары» деп аталатын ақпаратты ресми Киев жоққа шығарды.