фото: Мехмет Али Озджан/Anadolu
Рейтер агенттігі 2 сәуір күні Израильдің Түркияны айыптаған мәлімдемесін жариялады. Онда Израиль Түркияны Сирияда протекторат орнатуға тырысып отыр деп айыптады. Өз кезегінде Түркияның сыртқы істер министрі «Израиль аймақтық қауіпсіздіктің ең қауіпті дұшпанына айналды» деп мәлімдеме жасады.
Ал Би-би-си 3 сәуір, бейсенбі күні түнде Израиль Хама мен Дамаскідегі Сирияның әуе базалары мен басқа да әскери нысандарға әуе шабуылдарын жасағанын хабарлады. Сонымен бірге Израиль әскерлері де елдің оңтүстігінде құрлық операциясын жүргізді. Бұл Израильдің бірінші шабуылы емес, Асад билігі құлағаннан кейін Сирияның жаңа билігі -ислам экстремистері болғандықтан, ескі биліктің тірегі болған әскери базалардың біразын талқандап тастады. Сирияның жаңа билігі Израильдің шабуылын қатаң айыптап, оны «негізсіз шиеленіс» деп атады. Алайда бұл тек Сирияға ғана емес, оның ең жақын одақтасы Түркияға да берілген белгі болатын.
Бұл мәлімдемелер мен Израильдің әскери шабуылдары екі елдің арасындағы қарым-қатынастың шиеленісіп келе жатқанын көрсетеді.
Асад билігі құлағаннан бері Анкараның Дамаскідегі ықпалына Израиль күдікпен қарай бастады.
Ақпан айында Сирияның жаңа билігінің жетекшісі аш Шараа мен Түркия президенті Ердоғанның ресми кездесуі барысында түрік әуе қорғанысы күштерін Сирияда орналастыру мәселесі қаралған болатын. Бұл аймақтағы держава ретінде Израильдің алаңдатқаны белгілі. Себебі соңғы жылдары Израильдің Палестина мен Ливанға байланысты саясатына Түркияның белсенді қарсы шығып жүргені белгілі. Ердоған мұсылман дүниесінің мүддесін қорғаушы саяси жетекшіге айналды. Ал енді Ердоғанның Сириядағы жеңісі, яғни ислам экстремистерінің түріктердің көмегімен билікке келуі Израильдің тіпті ұйқысын қашырды деуге болады. Міне сондықтан да Израильдің қазіргі позициясы мынадай:
Бірінші, Израиль Сирияның жаңа басшылығына сенімсіздікпен қарайды. Jerusalem Post газетіне берген сұхбатында қауіпсіздік органдарының өкілі Сирия көшбасшысының өзі және оның диалог орнатуға болатын адам екеніне қатысты былай деп айтты:: «Ол классикалық исламист. Оның қысқа мерзімді де, ұзақ мерзімді де мақсаттары бар. Оның ұзақ мерзімді мақсаттары өзгерген жоқ; Ол біздің жауымыз. Ол Сирияға салынған санкцияларды алып тастауға тырысуда және Ердоған да бұл мәселеде делдал болып отыр. Ол санкцияларды жоймай-ақ, дәл сондай тағдырға тап болады».
Екінші, «жақында біз Сирияның T4 әскери базасына шабуыл жасадық. Бұл берілген хабар: біз операциялық әуе еркіндігімізге ешқандай қауіп төндірмейміз», — деді Израильдің қауіпсіздік күштеріндегі дереккөзі Jerusalem Post газетіне берген сұхбатында. Бұл Түркияның Сирияның бұрынғы әскери базаларын жөндеп, ол жерде дрондар базасын құру жоспарына ескерту деп есептеуге болады.
Үшінші, Middle East Eye Түркия қазір АҚШ-пен F 35 ұшағын сатып алуға байланысты келіссөздерін қайта бастады деп хабарлады. Алайда АҚШ Түркияға шарт қойып отыр: Ресейден 2019 жылы сатып алған С 400 зымыран жойғыш кешенін бөлшектеп, істен шығару. Түркия бұл зымыран жойғыш кешенді Сирияға орналастыруды жоспарлап отыр, бірақ оған Ресейдің рұқсаты керек.
Сондықтан сарапшылар Израильдің соңғы шабуылы Түркияның аймақтағы рөлінің артуына жауап болуы мүмкін деп болжайды.
Енді бұл түйінді шешетін тек АҚШ болмақ. Себебі екі жақ та АҚШ-қа өз позицияларының дұрыстығын дәлелдеуге тырысады. Түркия Сириядағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге уәде береді, себебі АҚШ аймақтан әскерін алып кетпекші. Өз кезегінде Израиль де ХАМАС-ты талқандаған соң аймақтағы тұрақтылыққа кепілдік беруге тырысады.
Мәселе екі қошқардың басы «Сирия» деп аталатын қазанға сия ме екен? Сонымен бірге Ресей де бұл елден кеткісі жоқ
Түркия мен Израиль бақталастығы әскери қақтығысқа алып келе ме?
