АҚШ президентінің өткен аптада дүниенің 185 еліне тарифтік салықтарды көбейткені белгілі. Бұл саясаттың мақсатын экономикалық талдаушылар мен саяси сарапшылар кеңінен талдауда. Пікірлер алуан түрлі. Бірақ талдаушылар мен сарапшылардың басым бөлігі бұл шараның әлемдік экономикаға кері әсерін атап өтуде. Дүниеге танымал The Wall Street Journal жұма күні осы мәселеге арналған мақаласын жариялады. Мақала «Президент Трамптың жан-жақты тарифтері әлемдік тәртіпті көптеген жолдармен өзгертеді және бір жеңімпаз пайда болды: Си Цзиньпин. Қытай президенті аптасын тамаша өткізді»- деп басталады.
Мақалада Дональд Трамптың сауда саясатының ықтимал ықпалы, атап айтқанда, Қытай тауарларына баж салығын енгізу және олардың әлемдік тәртіпке әсері талданады.
АҚШ Қытай тауарларына 34 пайыздық баж салығын енгізді. Бұл осыған дейінгі Қытайға қарсы қолданылған 20 пайыздық салықты қоса есептегенде 54 пайыз болады. Өз кезегінде Қытай да қарсы шаралар қолданып, АҚШ компанияларын қара тізімге енгізді, сирек кездесетін минералдардың экспортын шектеді, демпингке қарсы тергеу жүргізетін болды.
Мақалада Трамптың жаһандық сауда соғысы Қытай төрағасына стратегиялық сыйлық ретінде қаралған. Себебі Қытай АҚШ-тың сауда соғысын өзіне тиімді пайдалана алады.
Біріншіден, Қытайдың авторитарлық жүйесі сауда соғысының салдарынан болатын экономикалық зардаптарға жақсы төтеп беруге мүмкіндігі бар. Сауда соғысын АҚШ-тың шабуылы ретінде қарастыра отырып, Си Қытай халқын ұлтшылдық мақсаттың төңірегінде біріктіре алады, бұл назарды экономиканың баяулауы немесе жұмыссыздықтың өсуі сияқты ішкі мәселелерден аударады.
Екіншіден, Қытай Трамп өзіне-өзі риза болып жатқанда Қытайдың сауда соғысынан зардап шеккен АҚШ одақтастарына ықпалын арттыруы мүмкін. Сонымен бірге Еуропа елдері АҚШ-қа экономикалық тәуелділігін азайтуға тырысып жатқаны белгілі. Сондықтан Қытайға сауда миссияларын қайта бастайды. Канада премьер-министрі Марк Карнидің айтуынша, Американың экономикалық көшбасшылығының дәуірі аяқталып келеді.
Үшіншіден, Қытай Батысты әлсіреді деп есептейді және алауыздықтарды өз пайдасына пайдалануға тырысады. Мақалада тарифтер Азия-Тынық мұхиты аймағындағы сауда динамикасын күшейтуі мүмкін.
Төртіншіден, Салық пайызын көбейту АҚШ-тың Қытайдың өсуін тежеуді мақсат еткенімен сауда соғысының ұзақ мерзімді салдары туралы сұрақтар тудырады. Себебі ұзақ мерзімге есептелген мұндай әрекеттер керісінше әсер етуі мүмкін, бұл Си Цзиньпиннің ішкі және халықаралық деңгейде позициясын одан әрі нығайтуы мүмкін.
Қазақстанға әсері: Мақалада Қазақстан туралы тікелей айтылмаған, бірақ АҚШ-Қытай сауда соғысы екі елмен тығыз сауда байланысын ескере отырып, Қазақстан экономикасына жанама әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ, ақпаратқа сәйкес, АҚШ Қазақстаннан келетін тауарларға 27 пайыздық баж салығын енгізген, бұл екі ел арасындағы сауда қатынастарына әсер етпей қоймайды.
Трамптың Қытай төрағасына стратегиялық сыйлығы
