HomeАҚШСириядағы мүдделер тоғысы...

Сириядағы мүдделер тоғысы соғысқа ұласа ма?

Сириядағы Башар Асад режимінің құлауы осы елдегі жағдайды одан әрі шиеленістірді. Себебі 2011 жылы басталған азамат соғысы барысында бұл елге «көмек қолын» созып, өз мүдделерін жүзеге асыруға ұмтылған мемлекеттер көбейді.

Солардың ішіндегі ең белсендісі — Иран болды. Иран аймақтық держава ролін ойнай отырып, осы аймақта «шиит белдеуін» құруға күш салды. Бұл ислам дінінің бір бағыты -шииттер мекендейтін елдердің одағын құруға ұмтылу және Сауд Аравиясы бастаған сунниттер мен Израильге, АҚШ-қа тойтарыс беруге бағытталған саясат еді. Қазіргі кезеңде шииттер Иран, Ирак, Сирия, Бахрейн, Ливан және Йеменде тұрады. Ирак, Ливан, Йеменде шииттердің саяси басымдығы бар. Иран үшін  Сирияның транзиттік әлеуеті жоғары, яғни осы елдің территориясы арқылы Ливанмен тікелей байланысты жақсартуға мүдделі.  Себебі Ливан билігін «қолына ұстап» тұрған «Хезболла» ұйымы Ираннан тікелей Сирия арқылы көмек ала алады. Сонымен бірге Сирияның қазба байлықтары да ирандықтарды қызықтырған еді. Алайда Асад билігінің құлауы ұзақ жылдар бойы қаржылай және әскери  көмек беріп келген Иран үшін ауыр соққы болды. Сондықтан Иран Сириядағы жағдай шиеленіскен жағдайда қарап отырмайтыны белгілі.

Сириядағы жағдайға Иранның шақыруымен араласқан елдің бірі -Ресей. Уақытында Иранның таңдаулы арнайы әскерлерінің қолбасшысы генерал Касем Сулеймани Путинмен жеке кездесу барысында Ресейдің Сирияға әскер кіргізуіне мұрындық болған саясаткер еді. 2020 жылы генерал Бағдат қаласына барғанда Трамптың бұйрығымен зымыранмен жойылды. Бұл оның Сириядағы Асад жақтастарының әскерлерін үйлестіруші ретінде өлтірілген анық. Ал енді Ресей азамат соғысы барысында әуе күштерін Сирияда сынақтан өткізді. Асад режимін сақтап қалуға Ресей әуе күштері үлкен көмек берді.

Сонымен бірге Сирияның Ресейдің геосаясатында алатын орны ерекше. Уақытында «Катар- Европа» газ құбырын салу идеясына қарсы күресте Ресей үлкен белсенділік танытқан еді. Себебі Ресейдің Европаға газ сатудан түсетін қаржы көлемі өте қомақты болатын. Сондықтан бәсекелестерді түбірімен жою — Ресейдің сыртқы саясатының басты құралы екені белгілі. Бұл саясатты жүзеге асыруда әскери базалардың орны ерекше. Ресейдің Сирияның Латакия қаласының маңында Хмеймим авиабазасы және Тартус қаласында әскери-теңіз күштерінің базасы бар. Ресей қазіргі жаңа билікпен осы базалар мәселесін талқылауда. Себебі бұл базалар Ресейдің Африкадағы, әсіресе Ливиядағы саясатында рөлі ерекше.

Алайда оппозиция шабуылға шыққанда Украина батпағына батып жатқан ресейліктер Асадқа көмектесе алмады. Баспасөзде Асадты билікті тастап, қашуға көндірген Ресей барлау қызметі деген мәлімет бар. Ресей басылымдарында Сирияға жылына 2 миллион тонна астық жіберіліп тұрғаны туралы мәліметтер жариялануда. Бұл жаңа билікпен саудаласудың бір шарты болуы мүмкін. Сонымен бірге  Шешенстан басшысы Сирияның жаңа жетекшісін террористер тізімінен алып тастауды ұсынды. Бұл Р. Қадыровтың болашақ келіссөздерге қатысатынын көрсетеді. Ал болашақта Асадты жақтайтын күштер бой көтеретін болса, әсіресе алавиттер, Ресей  көмектесуі де ғажап емес.

Сириядағы азамат соғысынан біршама зардап шеккен көрші елдің бірі-Түркия. Азамат соғысы басталғаннан Түркияға 3,6 миллионнан астам сириялық босқын қоныс аударды. Сонымен бірге Түркияның азамат соғысына қатысушы оппозициялық күштерді қолдауы және Сирияға бірнеше рет әскери операция жасауы курд радикалдарына қарсы шаралар болды. Курд жұмысшы партиясы Түркияда тиым салынған, террористік партия болып есептеледі. Ал осы радикалды топ курдтардың  басқа да саяси күштерімен біріге отырып, Сириядағы мұнайлы аймақта өз автономиясын құруға тырысуда. Түркия қолдаған сириялық оппозициялық күштер және сунниттердің «Хайят Тахрир аш-Шам»  тобы  бірігіп, Башар Асадтың билігін құлатты.  Курд жұмысшы партиясының орталығы болып есептелетін мұнайлы қала Дейр-эз-Зорды оппозициялық күштер басып алды. Түркия Сирияның унитарлық мемлекет болғанын қалайды және курдтардың автономиясына жол бермеуге тырысады. Сонымен бірге курдтардан сақтану үшін Сирия территориясының  шекаралық аймақтарында буферлік зоналарды құруға ынталы. АҚШ Сириядан өз әскерлерін шығарған жағдайда аймаққа жауапты мемлекет Түркия болатыны сөзсіз. Сонымен бірге уақытында Түркия жобалаған «Катар- Европа» газ құбырын тарту мәселесі де қайта күн тәртібіне қойылды.

Америка Құрама Штаттары «Аль Каидамен» күрес барысында Сирияға өз әскерлерін енгізді. АҚШ ДАИШ-пен күрес коалициясын басқара отырып, курдтарға көп көмектесті. АҚШ-тың Асад билігін құлатқан күштерге басшылық жасаған туралы Иран басшылары мәлімдеме жасады. Қазіргі кезеңде АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Блинкен араб елдеріне (Иордания, Ирак,  Сауд Аравиясы, Египет, Ливан, Біріккен Араб Эмираттары, Бахрейн, Катар)  және Түркияға сапары барысында жаңа билікті қолдауға шақырып, олардың келісімін алды. АҚШ Сириядағы жаңа биліктің толыққанды жұмыс істеуіне басты мүдделі күш болып отыр. Алайда болашақта Трамп әкімшілігінің Сирияға байланысты саясаты қандай болатыны белгісіз. Егер жаңа билікті Трамп қолдамаған жағдайда азамат соғысының жалыны Сирияны қайта шарпуы мүмкін.

Сириядағы жағдайды біршама ушықтыруы мүмкін күштің бірі -Израиль.

Асад билігі құлағаннан кейін Израиль Голан жотасындағы әскер орналаспауы тиіс «жасыл аймақты» басып алды. Сонымен бірге 480-нен астам әуе күштерінің соққысымен Сирияның қару- жарақ  қоймаларын, әуе қорғаныс күштері мен әскери-теңіз күштерін талқандап тастады. Бұл Израильдің болашақта жаңа биліктің қайта қарулануына мүмкіндік бермеу шаралары болатын. Жаңа билік Израильдің бұл шабуылдарына өз наразылықтарын білдіріп БҰҰ ұйымына шағым түсірді. Ал Түркия егер Израиль  авиациясы Сирияға ішкерілей енетін болса, жойылатынын ескертті. Түркия Израильдің курдтармен байланысына алаңдап отыр.  Израиль Асад билігін құлатуға белсене қатысқан ел. Ол Газа секторындағы ХАМАС-ты, Ливандағы Хезболланы талқандағаннан кейін оппозиция Асадқа жаппай шабуылға шықты. Сондықтан да Израиль жаңа билікке өз айтқанын істетуге тырысады. Израиль тек АҚШ-тан аяғын тартуы мүмкін.

Сонымен Сириядағы жағдай өте шиеленісті және осы елдің болашақ дамуы АҚШ пен араб елдерінің, Түркияның позициясына байланысты болмақ.

spot_img

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР

Кашмир дауы кезекті Үндістан мен Пәкістан соғысына ұласа ма?

Кашмир мәселесі – Үндістан мен Пәкістан арасындағы Кашмир аймағын иеленуге байланысты басталған күрделі және ұзақ уақытқа созылған дау. Қазіргі...

Зеленский Қырымды беруден бас тартты

Фото: EPA Сәрсенбі күні Лондонда өтуге тиіс келіссөздерге АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марк Рубио бармайтын болды. Басты себеп- 22 сәуір күні...

        Путин келіссөздерге дайын екенін мәлімдеді

 21 сәуір күні Ресей президенті Владимир Путин соғыс басталғаннан бері алғаш рет Украинаға екіжақты келіссөздер жүргізуді ұсынды деп хабарлайды...