Кеңестер Одағы ыдырағаннан кейін одақтас республикалар сыртқы
саясаттағы бағдарына және экономикалық дамуына байланысты үшке
бөлінді. Прибалтика республикалары -Латвия, Литва және Эстония тарихи
тұрғыдан Европаның құрамдас бөлігі ретінде посткеңестік жүйеден ат-тонын
ала қашты. Кейіннен Евроодақтың толыққанды мүшесіне айналды. Ал
Эстония әлемдегі дамыған 30 елдің (біз аңсап жүрген) қатарына қосылды.
Екінші топ, Грузия, Украина, Өзбекстан, Азербайжан, Молдова
посткеңестік жүйедегі ядроның, басқарушының ролін атқарып отырған
Ресейден іргесін аулақ салуға ұмтылды. Осы мемлекеттер 1997 жылы
«ГУУАМ» деп аталатын (әрбір елдің атауының бас әріптерінен жиынтығы)
аймақтық ұйым құрды.
Ал енді экономикалық жағынан Ресеймен кіндігі байланып қалған және
саяси жағынан дербес болуға әр түрлі факторлар тежеген елдер -Белоруссия,
Қазақстан, Қырғызстан, Армения Еуразиялық экономикалық одаққа мүше
болды және оларда үшінші топқа жатқызамыз. Сонымен бірге Ұжымдық
қауіпсіздік туралы шарт ұйымы- әскери одаққа Қазақстан, Армения,
Беларусь, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстан мүше.
Қазіргі кезеңде екінші топтағы, яғни Ресейге тәуелді болғысы келмеген
елдердің бірі -Украинаны әскери күш қолданып, бағындыруға ұмтылып
отырғаны белгілі. Ал енді осы ГУУАМ ұйымынан 2005 жылы Өзбекстан
ресми түрде шықты. Осы ұйымның ықпалды мүшесі болған Азербайжан
Түркиямен жоғары деңгейдегі қарым-қатынасының нәтижесінде Таулы
Карабахты Армениядан күшпен тартып алуға мүмкіндік берген Ресейге
рақметтен басқа айтары жоқ. Арменияны қолдап отырған Франция мен
Әзербайжанның арасындағы қарама-қайшылықтың күшеюіне Ресей де
мүдделі.
Енді посткеңестік кеңістікте ресейшіл болмай отырған екі ел қалды.
Бірі -Грузия, екіншісі -Молдова. Европалық жолға түсеміз, яғни
демократиялық қоғам құрамыз деген Грузиядан Абхазия мен Оңтүстік Осетия
бөлініп, Ресейді паналап отыр. Молдовада Приднестровье аймағы билікке
бағынбай, дербес саясат жүргізіп отырған жайы бар. Европалық болмақшы
болған екі ел осылай жазаланды. Соған қарамастан енді үлкен саяси ойын
Грузияда болып жатыр. Михаил Саакашвилиді биліктен кетірген «Грузин
арманы» партиясы 2012 жылдан бері билікте. Осы партияны құрушы және
жетекшісі миллиардер Б. Г. Иванишвили Ресейде кәсіпкерлікпен айналысып,
7,9 миллиард долларлық қаржысы бар ең бай грузинге айналды. 2011 жылы
Грузияға келіп, оппозициялық саяси партия құрып, 2012 жылы жеңіске жетті.
Осы партия билікте болған жылдары Грузия біртіндеп Европадан алыстап
барады.
26 октябрьде Грузияда кезекті парламенттік сайлау. Қазірдің өзінде
«Грузия арманы» партиясы өзінің ресейшіл саясатын көрсете бастады.
Сайлауалды жарнамаларында Украинада қираған қалаларды көрсетуі,
Абхазия мен Оңтүстік Осетиядан кешірім сұрауға ұмтылысы -Грузияның
сайлаудан кейін сыртқы саясаттағы бағдары түпкілікті өзгеруі мүмкін
екендігін көрсетеді.
Ал енді Молдова да сайлау қарсаңында. 20 октябрьдегі президент
сайлауымен қатар Евроодаққа мүшелікке байланысты халықтың пікірін
білуге арналған референдум өткізіледі. Осы саяси науқанға жақында ған
Ресей азаматтығын алған молдовалық кәсіпкер Илан Шордың ықпалы
күшейіп отыр.
Шор 2023 жылдың маусымында Молдованың Конституциялық соты заңсыз
деп таныған осы аттас ресейшіл партияның негізін қалаушы. Кәсіпкер
қылмыстық қудалау кезінде республикадан кетіп қалды: 2017 жылы ол
Молдова банк жүйесі арқылы 1 миллиард долларды шығарды деген айыппен
жеті жарым жыл алды. 2023 жылдың сәуірінде апелляциялық сот оны дәл сол
іс үшін сырттай 15 жылға бас бостандығынан айырды.
Қыркүйек айында Молдова полициясы ресейлік Промсвязьбанк (PSB)
арқылы қаржыландырды деген күдікпен «Победа» блогының жетекшісі Илан
Шорға қатысы бар оппозициялық күштерге тінту жүргізген еді. Құқық қорғау
органдарының пайымдауынша, оппозиционерлер «митингтер, наразылық
акциялары және президент сайлауына байланысты басқа да шаралар үшін»
ай сайынғы төлемақы алуы керек еді. Бұл төлемдерді жеңілдету үшін
санкцияға ұшыраған ресейлік ПСБ-да есепшоттар ашылды. «Ақша
«Промсвязьбанк» қосымшасы арқылы ресей рубліне аударылып, кейін шетел
валютасына айырбасталды», — деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл прокуратурасы. «Сомалар 10 мыңнан 155 мың рубльге дейін, бұл
1,8-27,9 мың лейге тең».
Сайлау қарсаңындағы сауалнамалар қазіргі президент Майя Сандудың
36 пайыздан астам дауыс жинауға мүмкіндігі бар екенін көрсетсе, ал екінші
орында бұрынғы Бас прокурор Александр Стояногло 10 пайыз дауыс алуы
мүмкін. А. Стояногло гагауыз ұлтының өкілі және ресейшіл Доданның
социалистік партиясы ұйымдастырған коалицияның атынан сайлауға түсіп
отыр. Олай болатын болса, 3 ноябрьде сайлаудың екінші кезеңі
ұйымдастырылады. Молдова парламенттік республика, президенттің өкілдігі
тым күшті емес. Көп мәселе келесі жылғы парламенттік сайлауда белгілі
болады.
Грузия мен Молдова әлемдік саясатта ықпалы аз мемлекеттер. Грузияда
шамамен үш жарым миллиондай, ал Молдовада екі жарым милииондай
халық түрады. Бірақ демократиялану процесі мен геосаясат тұрғысынан
екеуінің де маңызы зор.